Дүниежүзілік ойындарда Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан XII Дүниежүзілік ойындарында каратэ-до спортынан Мөлдір Жаңбырбай (50 келі) күміс жүлдеге ие болды. 

Дүниежүзілік ойындарда Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Отандасымыз финалда Иран спортшысы Сара Бахманиермен жолықты. Негізгі уақыт 0:0 есебімен аяқталған еді. Төрешілер нәтижелі әрекеті үшін жеңісті қарсыласқа берді.

Мөлдір іріктеу кезеңінде алжирлік Силия Уикенді 4:0, венесуэлалық Йоргелис Салазарды 3:0 есебімен жеңсе, одан кейін қытайлық Жунхуй Вангқа 0:1 есебімен жол берді. Ал жартылай финалда 2 дүркін Еуропа чемпионы Ема Сгарделлиден 3:2 есебімен басым түсіп, финалға шыққан еді.

Бұл – Дүниежүзілік ойындары бойынша Қазақстан тарихындағы небәрі екінші медаль. Бұған дейін 2022 жылы АҚШ-тың Алабама штатының Бирмингем қаласында Софья Берульцева топ жарған еді.

Отандастарымыз аталған жарысқа 1993 жылдан бері қатысып келеді. Қазірге дейін олар 6 алтын, 4 күміс, 7 қола жүлде алды. Қазақстандық спортшылар 2022 жылы АҚШ-тың Алабама штатының Бирмингем қаласында 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен әзірге жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Биыл жарыс 34 спорт түрінен өтіп, 253 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Айтулы додаға 17 тамызға дейін 114 елден 4 000 спортшы қатыспақ.

Бұған дейін қазақстандық спортшылар Дүниежүзілік ойындарға қатысатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар