Душанбеде Абайдың бюсті орнатылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндері аясында 21 тамыз күні Фирдауси атындағы мәдениет және демалыс саябағында қазақ ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың бюсті орнатылады, деп жазады Ховар агенттігі.

«Тәжікстан мен Қазақстан мәдени және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге ерекше мән береді. Ұлы гуманистің бюсті халықтарды жақындастырудың тағы бір қадамы болады. Абай шығармашылығының негізгі зерттеушісі М.Әуезовтің анықтамасы бойынша шығыстың классикалық поэзиясы, оның ішінде тәжік-парсы классикалық әдебиеті оның шығармашылығының және XIX - ХХ ғасырлардың басындағы қазақ әдебиетінің қайнар көзі», - делінген Тәжікстан Республикасы Мәдениет министрлігінің хабарламасында.
Бұған дейін 22-23 тамыз күндері Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның шақыруымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстан Республикасына мемлекеттік сапармен баратыны хабарланған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Мәскеудің Чистопрудный бульварында Қазақстан елшілігі ғимаратына жақын маңда Абай ескерткіші орнатылған болатын. Абай ескерткіші 2006 жылы ашылды. Биылғы жыл Ресейде Абай жылы болып жарияланды. Ескерткіштің сәулетшілері Валерий Романенко мен Тимур Сүлейменов (қазақ ұлттық валютасы – теңгенің эскизін жасаушы) болды. Ескерткіш қоладан құйылып, ұлттық нақышпен безендірілген тас тұғырға орнатылған отырған ақынның мүсінін бейнелейді және «Мәңгілік – өлмес сөз иесі» деген жазуы бар.
Сондай-ақ Абай ескерткіші 2013 жылы Ташкенттегі Қазақстан елшілігіне қарама-қарсы жерге орнатылды. Мүсінші – Нұрлан Далбай, ескерткіштің сәулетшісі – Расул Сатыбалдиев.
2014 жылы Бейжіңде қазақ ақынына ескерткіш орнатылды. Мүсінші Юань Сикунь болды.
Дәл осы жылы Венгрияның Будапешт қаласында Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіш бой көтерді. Мажар халқы үшін қазақ пен мажар халқының түркі тамырының жақындығына байланысты Абай естелігі ерекше. Сондықтан венгр ауылдарының, қалаларының атаулары, сөздері қазақ сөздерімен үндес. Мажарлар қазақ ақынының өлеңдерін жатқа айтып, қазақ тілінде ән шырқайды.
Абай Құнанбанвқа арналған ескерткіш Тегеранда (2007), Бакуде (2010), Каирде (2016) және Францияның Ренн қаласында да (2016) орнатылды.
Дүние жүзінде бюсттер, ескерткіштер мен ескерткіш тақталар ашылды. Өткен жылы Ыстанбұлда (2021) Абайдың алаңы мен ескерткіші, Берлинде (2021), Парижде (2021) және Сеулде (2021), Тбилиси (2022), Бішкек (2022) және Нью-Делиде (2022) орнатылды.