Душанбеде ҚР Елшісі Тәжікстан Ішкі істер министрімен кездесті
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат – Душанбеде Қазақстан Республикасының Елшісі Әбутәліп Ахметов Тәжікстан Ішкі істер министрі, милиция генерал-лейтенанты Әбдірахым Каххоровпен кездесті.
Бұл туралы ҚазАқпаратқа ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады. Әңгіме барысында Қазақстан Елшісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Дағдарыстан ? дамуға» Жолдауын тапсыра отырып, оның негізгі қағидаттарымен таныстырды. Ол, атап айтқанда Мемлекет басшысының Қазақстанның құқық қорғау органдары алдына қойған қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен, алаяқтықпен, заң бұзумен батыл және аяусыз күрес жүргізу міндеттеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Тәжікстан Ішкі істер министрі Елбасының тәжік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Дағдарыстан шығу кілті» мақаласына ынта қойды. Қазақстандық дипломат мақалаға түсініктеме бере отырып, ҚР Президентінің біртұтас валюта шығару туралы пікіріне баса назар аударды. Оны жасау елдердің әлемдік экономикаға тиімдірек ықпалдасып, дағдарыс салдарын еңсеру жолдарын табатыны атап өтілді.
Әңгіме барысында Орталық Азияда қылмыс, құқық тәртібін қамтамасыз ету және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жолға қойып, жандандыра түсуге айрықша назар аударылды. Тараптар екі мемлекет президенттерінің тапсырмаларына сәйкес 2008 жылғы шілденің 1-інен бастап құқық қорғау органдарының азаматтарды тіркеу тәртібін өзара оңайлатуының оң ықпалдарын атап өтті. Бұл тәртіп 30 тәулікке дейін ішкі істер органдарында тіркеусіз болу құқығын көздейді. Кездесу қорытындысында Әбутәліп Ахметов Қазақстан үшін Тәжікстан Республикасымен, атап айтқанда құқық қорғау саласында ынтымақтастықты тереңдетудің және оны жан-жақты дамытудың маңызын атап өтті және екі елдің одан әрі өзара жемісті іс-қимылына үмітін білдірді.