Джеки Чан ЭКСПО-ға қатысу үшін Астанаға келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аты аңызға айналған актер Джеки Чан "ЭКСПО" халықаралық көрмесіне қатысу үшін Астанаға келеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Бұл туралы Фейсбуктегі өзінің парақшасында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрағасы Ерлан Қарин хабарлады.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы» ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің қолдауымен және қытайлық серіктестермен бірге Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына орай қазақстандықтарға сый әзірлеуде.
Алғаш рет Қазақстанға әлемдік киножұлдыз, шығыс-жекпе-жегінің шебері, аты аңызға айналған Джеки Чан келеді»,-деп өз жаңалығымен бөлісті Ерлан Қарин.
Сондай-ақ ол, соңғы екі апта бойы барлық ұйымдастыру шаралары бойынша қызу жұмыстар атқарылғандығын және бүгін ғана оның біздің елордаға сапарына арналған қорытынды бағдарламаның келісілгенін атап өтті.
«Егжей-тегжейін ертең хабарлаймыз»,-деп уәде берді «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрағасы Ерлан Қарин.