Джиу-джитсу шебері Алдияр Серік Ислам ойындарының жеңімпазы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық джиу-джитсу шебері Алдияр Серік Эр-Риядтағы (Сауд Арабиясы) Ислам ынтымақтастығы ойындарында алтын медаль жеңіп алды.

Алдияр Серік
Фото: Нұрғали Жұмағазы/ҚР ҰОК

Серік 69 келіге дейінгі салмақтың ақтық сынында жеңіске жетті. ҚР ҰОК мәліметінше, финалда қазақстандық спортшы Мохаммед Хураймиланы (Сауд Арабиясы) жеңді.

Осылайша, Қазақстан құрамасының еншісінде 13 алтын медаль бар. Отандасымыз жарыстан кейінгі сұқбатында финалдық кездесудің қиын болғанын айтты.

– Бүгін Сауд Арабиясында жеңіске жетіп, көк туымызды биікке көтергеніме қуаныштымын. Біріншіден өзімнің әкеме және бапкеріме алғыс айтамын. Сондай-ақ қолдау көрсеткен қауымдастық президентіне және командама көп рақмет. Әрине, финалдық кездесу өте қиын болды. Айта кетерлігі, қарсыласым Сауд Арабия өкілі бір апта бұрын әлем чемпионы атанған еді. Сондықтан кішкене қысым сезілді. Бірақ соған қарамастан жеңіске жеттім, - деді Алдияр Серік.

Айта кетейік, София Ақтаева Ислам ынтымақтастығы ойындарында күміс медаль жеңіп алды.

Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Эр-Риядтағы (Сауд Арабиясы) Ислам ынтымақтастығы ойындарының финалына шықты.

 

Соңғы жаңалықтар