Джон Тернус Apple компаниясының бас директоры қызметіне ресми түрде кірісті
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қыркүйекте Джон Тернус америкалық Apple корпорациясының бас директоры қызметіне ресми түрде кірісті. Ол бұл қызметте Тим Куктің орнына келді, деп хабарлайды Kazinform ТАСС-қа сілтеме жасап.
Кук компания директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы болды. Apple компаниясы басшылықтағы өзгеріс туралы 2026 жылғы 20 сәуірде хабарлаған.
Джон Патрик Тернус 1975 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында дүниеге келген. 1997 жылы Пенсильвания университетінде машина жасау мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. Apple компаниясына келгенге дейін Virtual Research Systems компаниясында инженер-механик болып жұмыс істеген.
Тернус Apple компаниясына 2001 жылы қосылды. Алғашында ол аппараттық құралдарды әзірлеумен айналысып, соның ішінде Apple Cinema Display мониторларының желісінде жұмыс істеді. 2013 жылы Тернус Apple компаниясының аппараттық құралдар жөніндегі вице-президенті атанды. Бұл қызметте ол iPad пен Mac құрылғыларын әзірлеу жұмыстарын басқарды, сондай-ақ AirPods және компанияның басқа да өнімдерін жасауға қатысты.
2021 жылы Тернус Дэн Риччионың орнына аппараттық құралдарды әзірлеу жөніндегі аға вице-президент қызметіне тағайындалды. Ол iPhone, iPad, Mac, AirPods және Apple компаниясының басқа да құрылғыларының аппараттық бөлігін әзірлеуге жетекшілік етті. Сондай-ақ Mac компьютерлерін компанияның өзі әзірлеген процессорларға көшіру үдерісіне белсенді қатысты.
Мансап жолында ол iPhone, Mac, iPad және Apple Watch сияқты өнім желілерін әзірлеу мен дамыту жұмыстарын басқарды. Тернус AirPods, сондай-ақ iPhone 17 сериясын қоса алғанда, iPhone-ның кейінгі буындары, соның ішінде Pro, Pro Max және iPhone Air сияқты жаңа құрылғылардың таныстырылымына қатысты.
Еске салайық, бұған дейін Apple қайтадан әлемдегі ең қымбат компания атанғанын жазғанбыз.