Дзюдодан ӘЧ: Ташкентте 13 қазақстандық әскери ел намысын қорғап жатыр
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан астанасындағы «Юнусабад» спорт кешенінде әскери қызметшілер арасында дзюдодан Әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Жарыста әлемнің 29 елінен келген 200-ден астам татами шебері өзара бақ сынауда.

Әлем чемпионатында Қазақстанның намысын 13 дзюдошы қорғап жатыр. Олардың қатарында Нұрқанат Серікбаев, Бауыржан Нарбаев, Жанарыс Рахметқали, Ғалия Тыныбаева және Бақыт Құсақбаева сияқты көптеген байрақты бәсекенің жеңімпаздары бар.

Айта кетейік, әскери қызметшілер арасында дзюдодан әлем чемпионаты 18 қазанға дейін жалғасады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2027 жылы Қазақстанда дзюдодан әлем чемпионаты өтеді.
Сондай-ақ, Қазақстан командасы академиялық есуден Өзбекстандағы Азия чемпионатында тоғыз жүлде алғаны анықталды.