Дзюдодан ел біріншілігінде аралас командалық сайыста жеңімпаз анықталды

АСТАНА. KAZINFORM - Семей қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында биылғы Қазақстан чемпионатында аралас командалық сайыстың нәтижесі белгілі болды. Жарыстың аталған сатысында Абай облысы жеңімпаз атанды. Екінші орынға Астана қаласы балуандары ие болса, үздік үштікті былтырғы ел чемпионы Қызылорда және Жетісу облыстары түйіндеді.

Дзюдо Абай облысы чемпион
Фото: Абай облысының әкімдігі

Айта кетсек, 10-13 қараша күндері Семейде дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысынан барлығы 600-ден астам татами шебері қатысты. 

Ел біріншілігі қорытындысымен алдағы маусымға ұлттық құрама жасақталды. Төрт күнге жоспарланған жарыста ерлер мен әйелдер 14 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады.

Ел біріншілігінде әлемдік Grand Slam жарысының жүлдегері, жастар арасында әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Талғат Орынбасар, әлем чемпионатының (жастар) күміс жүлдегері Дана Әбдірова бақ сынады.

Сондай-ақ, олардың қатарында Олимпиада ойындарының қатысушылары Данияр Шамшаев пен Дидар Хамза, әлемдік Гран-при, Grand Slam жарыстарының жүлдегерлері Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбай, Қазақстан чемпионатының жеңімпаз-жүлдегерлері Әлжан Нұрәділ, Барыс Қуан, Дархан Қойбағар, Әділ Оразбаев, Еламан Ерғалиев бар.

Еске салсақ, бұдан бұрын Ербол Мырзабосынов дзюдодан жүлде еншіліген жеңімпаздарды марапаттады.