Дзюдодан Қазақстан чемпионаты: Жетісу облысының құрамасы командалық жарыста жеңімпаз атанды

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде ересектер арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті.

Дзюдодан Қазақстан чемпионаты
Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

Жарыстың соңғы күні аралас-командалық жарыстың жеңімпаз-жүлдегерлері анықталды.

Жетісу облысының құрамасы жартылай финалда Қарағанды командасын 4:1 есебімен ұтып, соңғы бәсекеге жолдама алды.

Алматы қаласы мен Қызылорда облысы арасындағы екінші жартылай финал аса тартысты болды. Мұнда алматылықтар 4:3 есебімен жеңіске жетті.

Қола жүлде үшін бәсекеде қызылордалықтар БҚО құрамасын 4:2 есебімен қапы қалдырды.

Дзюдодан Қазақстан чемпионаты
Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

Екінші қола жүлдеге қостанайлықтардан 4:1 есебімен басым түскен қарағандылықтар ие болды.

Финалда Мағжан Сқадыл мен Ақерке Рамазанованың таза жеңісінен кейін алматылықтар 2:0 есебімен алға шықты. Әйтсе де бұдан кейін жетісулықтар камбэк жасай білді. Алдымен Бақжан Байтас пен Жанайым Маратбек таразы басын теңестірді. Содан соң Дархан Қойбағар мен Мөлдір Нарынова қарсыластарын таза түсірді. М.Нарынова бұған дейін 70 келіге дейінгі салмақта жекелей сында да чемпион атанған еді.

Қорытынды есеп – 4:2, Жетісу облысының пайдасында.

Осылайша, Қазақстан құрамасына дзюдошыларды іріктеу мақсатында ұйымдастырылып, төрт күнге созылған ел чемпионаты аяқталды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдодан Қазақстан чемпионатында ауыр салмақтағы үздіктер анықталғанын жазған едік.