Дзюдодан Қазақстан чемпионатында ауыр салмақтағы үздіктер анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM – «Жайық арена» спорт кешенінде ересектер арасында дзюдодан өткен Қазақстан чемпионатында бес салмақ дәрежесінде жеңімпаз-жүлдегерлер белгілі болды.
Ерлер арасында 90 келіге дейінгі салмақта финалда қарағандылық Ақжол Дүйсенбаевты қапы қалдырған ақтөбелік Нұржан Бисенов чемпион атанды.
Түркістандық Дидар Хамза мен батысқазақстандық Данил Крылов қола жүлдеге ие болды.
Қарағандылық Асқар Біржанов 100 келіге дейінгі салмақта үздік шықты.
Шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров күміс, атыраулық Әділет Сапарғалиев пен Алматы облысының өкілі Жалғас Серіков қола жүлдені қанағат тұтты.
Аса ауыр салмақта (+100 кг) соңғы бәсекеде қостанайлық Ардақ Серіковтен айласын асырған қарағандылық Санжар Жабборовтың бағы жанды.
Алматылық Ильяс Қалидолда мен маңғыстаулық Жантілек Нұртілепов үздік үштіктен көрінді.
Әйелдер арасында 78 келіге дейінгі салмақта Алматы облысынан келген Екатерина Токарева қарсылас шақ келтірмеді.
Қызылордалық Шынар Абатова екінші, түркістандық Салтанат Ахметова мен абайлық Назерке Тілеуханова үшінші орынға көтерілді.
Солтүстікқазақстандық Назгүл Маратова +78 кг салмақта финалда батысқазақстандық Карина Такиеваны жеңді.
Жетісулық Кәмила Берліқаш пен алматылық Ақерке Рамазанова қола медальмен марапатталды.
Дзюдодан Қазақстан чемпионаты сейсенбі күні командалық жарыспен түйінделеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Айбек Имашевтің дзюдодан ел намысын ең мықтылар қорғайтынын мәлімдегенін жазған едік.
Сондай-ақ дзюдодан Қазақстан біріншілігінде жасөспірімдер арасында әлем чемпионы финалға дейін жетті.
Дзюдошы Абылайхан Жұбаназар алғаш рет Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанды.