Дзюдодан ел намысын ең мықтылар қорғайды — Айбек Имашев
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде ересектер арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Осыған орай Kazinform тілшісі Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Айбек Имашевпен тілдескен еді.
— Айбек Әсетұлы, бұл жолы Қазақстан чемпионатын өткізудегі басты мақсат қандай?
— Орал төріндегі ерлер мен әйелдер арасындағы ел біріншілігінің қорытындысы бойынша 2027 жылы Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар іріктеледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұлттық құрамаға ілігіп, жаңа әдістеме, тың тәсілдермен дайындалады. Жаттықтырушылар құрамының өзіндік жоспары бар. Соған сәйкес спортшылар шетелдегі оқу-жаттығу жиындарында шыңдалып, халықаралық жарыстарға қатысады. Бапкерлер олардың аяқалысын бақылап, тиісті қорытынды шығарып отырады.
Қазақстан чемпионатын өткізу орны ретінде Ақ Жайықты таңдауымыздың себебі, өңірдің әлеуетін, спорттық инфрақұрылымын, БҚО әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауын ескердік. Осы орайда жергілікті федерацияны атап өткім келеді. Жарыс Халықаралық дзюдо федерациясының талаптарына толық сай ұйымдастырылған. Бұл бірінші рет емес, кейінгі бес жылда төрт ресми чемпионат өткізілді. Сонымен қатар алда күнтізбелік жоспарға сәйкес самбодан әлем чемпионы Асқар Шайхиевтің еске алуға арналған республикалық жарыс бар, онда чемпиондарға спорт шебері атағы беріледі.
Оған қоса «Жайық арена» көп салалы спорт кешені осындай додаларды өткізуде спортшылар үшін де, жан-жақтан келетін көрермендер үшін де қолайлы болып отыр.
— Оралдағы чемпионатқа біраз атақты спортшылар қатысып жатыр екен?
— Иә, олардың арасында әлемдік жарыста жүлде алып жүрген тәжірибелі дзюдошылар аз емес. Сонымен қатар болашағынан үміт күттіретін жастар да баршылық. Кіл мықтыдан кім мықты, дегендей, ең мықтылар іріктеліп шығады деп ойлаймыз.
Бұл біріншілікке жазғы Азия ойындары мен әлем чемпионатына баратын санаулы спортшылар қатыспайды. Олардың бірқатары Швейцарияның Лозанна қаласында Grand Slam турнирінде бақ сынап жатқаны белгілі.
Жапония елінде жазғы Азия ойындары аясында 29 қыркүйек — 2 қазан аралығында өтетін дзюдо бәсекесінде Олимпиада чемпионы Елдос Сметов бастаған спортшыларымыз атой салады деп сенеміз.
— Биылғы әлем чемпионаты қайда өтеді?
— Дзюдодан әлем чемпионаты 4-11 қазан аралығында Әзербайжан астанасы Бакуде болады. Азия ойындары мен екеуінің арасы тығыз болғандықтан, онда екінші құрам бақ сынайды. Әр салмақта бәсекелестікті арттыра түсу үшін жарыстарға кім дайын, соларды қосамыз. Бұл ретте шетелдік және өзіміздің мамандар бар, бір ғана фактор емес, спортшының жыл бойғы еңбегі, оқу-жаттығу жиындағы жүріс-тұрысы, физикалық, тактикалық, психологиялық тұрғыдағы дайындығы ескеріледі.
Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына да көп қалған жоқ. Сондықтан рейтингілік ұпай беретін жарыстарда спортшылар кезең-кезеңмен, бабына қарай бақ сынайтын болады.
— Осы жарыс алдында ерекше қуанышты оқиға болды. Батысқазақстандық Фатима Сұпығалиева жасөспірімдер арасында қазақстандық қыздар арасында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Бұл тарихи жетістік қой?
— Оған сөз бар ма, Фатима Сұпығалиева Ақ Жайық қана емес, барша қазақ елін қуантты деп ойлаймын. Оралдан шыққан қазақтың қарадомалақ қызы алғаш рет осындай табысқа қол жеткізді. Кейінгі жеткіншектер атақты спортшыларға қарап жігерленеді, солардан үлгі алады. Жарыстарды өткізудегі мақсат та осы жердегі спортты дамыту мен салауатты өмір салтын орнықтырудан бөлек, олимпиадалық спорт түрі — дзюдоға қызығушылықты арттыра түсу деп білемін. Бұдан төрт-бес жыл бұрын Қазақстан чемпионаты өткен кезде бозбала болып жүргендердің қазір ұлттық құрамаға ілігуі қуантады.
— Фатиманы қосқанда, қазақстандықтар жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында төрт алтын медальді ел қоржынына салды. Жаңаша әдіс-тәсілдер енгізіліп жатыр, шетелдік бапкерлер тартылды, мұның бәрі көп жылдық еңбектің жемісі ғой?
— Әрине, кешенді топ жұмыс жасап жатыр. Дзюдошылардың спорттық-медициналық дайындығы бар, қарсыластары зерттеліп, талдау жасалады, соның бәрі өз жемісін беріп жатыр. Жасөспірімдерге қатысты аға кеңесші, бельгиялық Седрик Тайманс өте білікті маман. Италиялық маман Эцио Гамбаның тәжірибесіне сүйене отырып, біраз нәрсе жасалды. Оған қоса біздің еңбек сіңірген жаттықтырушылар, жеке бапкерлер бар. Міне, солардың бәрі бірігіп жұмыс істесе, нәтиже де болады деп есептеймін.
— Әңгімеңізге рахмет! Спортшыларымызға табыс тілейміз.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлем чемпионы Фатима Сұпығалиеваның барша қазақ елін қуантқаны үшін бақыттымын деп айтқанын жазған едік.