Дзюдодан Қазақстан құрамасы European Open турнирін жүлдесіз аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM – Таллинде (Эстония) дзюдодан European Open сериясының турнирі аяқталды. 

Дзюдодан Қазақстан құрамасы European Open турнирін жүлдесіз аяқтады
Фото: ҰОК

Қазақстан құрамасы жарысқа 7 спортшыны қосты. Алайда финалдық блокқа дейін тек бір ғана дзюдошы жете алды. 

100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Ардақ Серіков қола жүлде үшін белдесіп, украиналық Федор Ярошенкоға есе жіберді. 

Дәурен Сүйкенов (60 келіге дейін), Табылды Биғамбаев (66 келіге дейін), Оразгелді Оралов (81 келіге дейін) және Сымбат Тағай (48 келіге дейін) алғашқы белдесулерінде жеңіліс тапты. 

73 келіге дейінгі салмақта Ернар Кеңесқан үшінші айналымға дейін жетіп, ирландиялық Джошуа Гринге жол берді. Осы салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мағжан Әлжанов жарысты екінші айналымда аяқтады.

Бұған дейін қазақстандық балуандар Моңғолиядағы рейтингілік турнирде 12 медаль жеңіп алғанын хабарлағанбыз.