Е.Ыдырысов: Қазақстан Еуропалық одақтың әлемдегі орны сақталатынына сенеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Еуропалық одақтың, жалпы Еуропаның әлемдегі өз орны жоғалмайтынына сенеді. Бұл туралы ХІІІ Еуразия медиа форумының үшінші күнінде сөз ала отырып, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті.

Е.Ыдырысов: Қазақстан Еуропалық одақтың әлемдегі орны сақталатынына сенеді

«Еуропа - бірден-бір әлем назар тігетін орталық. Еуропа дамыған технология мен инвестициялардың көзі емес, Еуропа - жаңа құндылықтардың, инновациялар мен саяси реформалардың бастауы. Сондықтан, Қазақстан үшін Еуропаның рөлі мен орны сақтала береді», - деді өз ойын жеткізген Е.Ыдырысов.

«Еуропа қазіргі қауіп-қатерлерді жеңе алатынына сенеміз», - деп толықтырды пікірін Е.Ыдырысов.

«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан интеграцияны, яғни, ықпалдасу шараларын қолдайды, сондықтан, Еуразиялық экономикалық интеграцияның идеясы Еуропалық одақтың интеграция жөніндегі үлгісінен шабыт алды», - деп түсіндірді Қазақстанның сыртқы істер министрі.

Е.Ыдырысовтың пікірінше, әлем бойынша Еуропалық одақтай интеграцияның үлгісін жасаған қауымдастық жоқ.

«Еуропаның әлемдегі орны сақтала беретініне сенеміз. Қазақстан үшін Еуропа ең ірі саяси және сауда-саттықтағы жақсы әріптес болып қала береді», - деген Е.Ыдырысовты форумға қатысып жатқан шетелдік әріптестері «Еуропаның мықты адвокаты» деп қалжыңдады.

2 3