Е.Ыдырысов: Отанымыздың қауіпсіздігін нығайту үшін қазақстандықтар бар үлесін қосуы тиіс
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов дипломаттарды маңызды мерекемен құттықтап, әлемнің кей жерлеріндегі жағдайларды ескеріп, қазақстандықтар Қазақстанның тәуелсіздігін дұрыс бағалап, Отанымыздың қауіпсіздігін нығайту бойынша бар үлесін қосып, Қазақстанның өркендеуіне қолайлы жағдайлар туғызуы керектігін атап өтті.
Министр әріптестерін Қазақстанды дамыту, Президент белгілеген стратегиялық сыртқы саяси мүдделерді жүзеге асыру бойынша тынымсыз еңбегі мен үлкен жұмысы үшін алғыс айтып, Президент шешімімен 14 дипломатқа жоғары дипломатиялық ранг және сыртқы істер министрінің шешімімен 318 қызметкерге кезекті дипломатиялық ранг тағайындау шарасын өткізді.
Сондай-ақ дипломаттар ерен еңбегі үшін «Парасат», «Құрмет» ордендарымен, II дәрежелі «Достық» ордендерімен, сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Марапаттау рәсімінен кейін жас дипломаттар ант қабылдады.