Е. Ыдырысов Сингапур тарапына 30 күндік сапарлар үшін визалық талаптарды жою туралы ұсыныс жасады

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Сингапур Премьер-Министрімен кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастардың қазіргі ахуалы мен болашағын талқылады, олар экономика, сауда, инвестициялар салаларымен қатар мемлекеттік қызмет, электронды үкімет, білім беру, бюджеттік жоспарлау, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелерін қамтыды. Аталған барлық салаларда толығымен қолданылмаған үлкен әлеует бар екендігі атап өтілді.
«Әлеуметтік-экономикалық дамуының сәтті тәжірибесі Қазақстанда дағдыланып жатқан елдер қатарының бірі Сингапур болып табылады»,- деп атап өтті Е. Ыдырысов. «Елімізде үкімет активтерін басқару бойынша мемлекеттік холдингінің қызметі мақұлданды. Сонымен қатар, Қазақстанның үкімет активтерін басқару бойынша «Самұрық-Қазына» мемлекеттік холдингі құрылғанда, «Темасек» холдингінің тәжірибесі пайдаланылды».
Жүздесу барысында қазақстандық СІМ басшысы Сингапурды ЭКСПО-2017 іс-шарасына қатысуға және Ли Сянь Лун мырзаға Қазақстан басшылығы атынан Астанаға өзіне ыңғайлы уақытта сапар шегуге шақырды.
Ал Сингапур Республикасы Сыртқы істер министрі, Әділет министрі Касивисванатан Шанмугаммен кездесу кезінде Қазақстанда химиялық кластерді дамыту ісіндегі ынтымақтастық, білім беру және ғылым салаларында, соның ішінде кәсіби-техникалық білім беру саласындағы ықпалдастық атап өтілді.
Е.Ыдырысов сұхбаттасына Қазақстан Сингапурмен құқық саласында ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ, екі ел азаматтарының өзара сапарлары артып отырғандығы сөз болды. Осыған орай Сингапур тарапына барлық паспорт түрлерін иемденетін азаматтарға 30 күндік мерзімнен аспайтын сапарлар үшін визалық талаптарды жою туралы Келісімге қол қою мүмкіндігін қарастыру бойынша ұсыныс жасалды.
Е. Ыдырысов сонымен бірге Азия-Еуропа форумына азиялық топтан Қазақстан кандидатурасына қолдау көрсеткендігі үшін алғыс айтып, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдайтынына сенім білдірді.
Сапар барысында Қазақстан Сыртқы істер министрі әйгілі Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінде Еуразиялық экономикалық одақты құрудың маңыздылығы, оның негізгі мақсаттары мен міндеттері және ЕАЭС-тың құрылуымен халықаралық экономикалық ынтымақтастық үшін туатын мүмкіндіктер жайлы дәріс оқыды.
Министрдің сапары жетекші сингапурлық БАҚ-тарда кеңінен талқыланды.