ЕАЭО-да 11 ақпаннан бастап жүктер навигациялық пломбалар арқылы қадағаланады
АСТАНА. KAZINFORM — Осы жылғы 11 ақпаннан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) аумағында навигациялық пломбаларды қолдану арқылы тауарларды қадағалау жүйесі күшіне енеді.
Тиісті шешімді Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы өткен жылғы 23 қыркүйекте (№ 84) 2022 жылғы 19 сәуірдегі навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім аясында қабылдады.
Қадағалау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі және автомобиль, теміржол көлігімен тасымалданатын жүктерге қатысты болады. Ол кедендік транзит пен экспорт рәсімдерін жүргізу кезінде, сондай-ақ Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда шеңберінде қолданылмақ.
Бизнес өкілдерін, соның ішінде тасымалдаушыларды, экспедиторларды және логистикалық үдерістерге қатысатын барлық тараптарды тасымалдың үздіксіздігін қамтамасыз ету және жеткізу мерзімдерін сақтау үшін ЕАЭО мен Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарын сақтауға шақырады.
Еске сала кетсек, ЕАЭО-ның аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау тетігі айқындалғанын жаздық.
Ал былтыр желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО әлемдегі маңызды көлік-логистика торабы бола алатынын айтты.