Эбола індеті өршіді: Угандада 100-ден астам адам карантинге жабылды

АСТАНА. KAZINFORM — Уганда билігі Эбола безгегінің таралуын болдырмау үшін 100-ден астам адамды карантинге жапты, деп хабарлайды Report.

Эбола індеті өршіді: Угандада 100-ден астам адам карантинге жабылды
Фото: Report

Оқшауланған адамдар тұрақты медициналық бақылауда болып, инфекцияның симптомдары үнемі тексеріліп отырады.

Билік жағдайдың бақылауда екенін айтып, елдің бұған дейінгі тәжірибесі қазіргі қатерге тиімді әрекет етуге көмектесетінін атап өтті. Ағымдағы өршу эпицентрі Демократиялық Конго Республикасының шығысында, Угандамен шекаралас Итури провинциясында тіркелген.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасы мен Угандадағы Эбола індетінің өршуіне байланысты халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай жариялаған болатын.

Жергілікті қызметтердің деректері бойынша Конгода 500-ден астам ықтимал инфекция жағдайы тіркеліп, елде 130-дан астам қайтыс болған. Ал Угандада бір расталған жағдай және бір өлім фактісі бар.

Айта кетейік, осыған дейін ДДҰ Конгодағы Эбола індеті вирустың жаңа штамымен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан.