Екі адам батып кеткен Сайран көліне қоршау орнатылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 25 маусым күні Алматы қаласындағы Сайран көліне жасөспірім мен ересек ер адам батып кетті. Қайғылы жағдайдан кейін су айдынының айналасына металл қоршаулар орнатылды.

Kazinform агенттігінің фототілшісі көлге барып, ондағы қазіргі жағдайды көріп қайтты. Су қоймасының маңына «Шомылуға тыйым салынады» деген ескерту жазулары бар темір қоршаулар қойылып жатыр.

Көл маңында полиция қызметкерлері кезекшілік атқарып жатыр, суға кіруге уақытша тыйым салынған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құтқару қайықтары жеткізілді.
Сондай-ақ абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Оған қарамастан, қалалықтар мен қонақтар көл маңында серуендеп жүр.

Еске салайық, күні кеше Сайран көлінде қайғылы жағдай болды. Республикалық жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері судан екі адамның денесін алып шықты. Алдымен 17 жастағы жасөспірімнің денесі табылса, кейін 1977 жылы туған ер адам судан шығарылды.
Жақында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды аппарат кеңесінің отырысында Сайран көлінің санитария жағдайына ерекше назар аударып, құқықбұзушыларға бақылау жүргізіп, қатаң шара қолданбаған басқармаларды қатаң сынға алған болатын.
Осыған дейін Сайран көлінде абаттандыру жұмыстары аяқталмай жатып, тазалық мәселесі туындағаны туралы жазғанбыз.