Екі аптада Өзбекстан Таяу Шығыс елдерінен 33 мыңға жуық отандасын эвакуациялады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 13 наурызға дейін елдің Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс мемлекеттерінен 32 934 өзбекстандықты эвакуациялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Екі аптада Өзбекстан Таяу Шығыс елдерінен 33 мыңға жуық отандасын эвакуациялады
Фото: Өзбекстанның Көлік министрлігі

Ведомствоның мәліметінше, 12 наурызда Өзбекстан елшілігінің қызметкерлері Қатардағы 49 отандасын БАӘ мен Сауд Арабиясына жіберуге жәрдемдесті. Олар аталған елдер арқылы Отанына оралды.

Сондай-ақ Өзбекстанның БАӘ-дегі дипломатиялық өкілдіктерінің көмегімен Ташкентке 147 азамат қайтарылды. Мұнымен бірге, кеше Ираннан – 5, Израильден 4 өзбекстандық өзге мемлекеттердің аумағына шығарылды.

– Өзбекстан азаматтарының Отанына қауіпсіз оралуын қамтамасыз ету бойынша дипломатиялық өкілдіктердің жұмысы жалғасып жатыр, - деп мәлім етті Сыртқы істер министрлігінен.

Еске салайық, 9 наурызға дейін елдің Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс мемлекеттерінен 21 712 өзбекстандықты эвакуациялады

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан Таяу Шығыстағы шиеленістің ірі қақтығысқа ұласуына алаңдаушылық білдірді

Тиісінше, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты жауапты министрлікке елдің қорғаныс әлеуетін нығайтуды тапсырды.