Екі күннің бірінде волонтерлік қызметте жүремін - ақтөбелік белсенді

Ақтөбенің Хромтау ауданындағы кен орнында жұмыс істеп, волонтерлік саланы қатар алып жүрген Фархад Сағынбай бүгінде аудандық мәслихат депутаты. 12 сағат бойы кен байыту комбинатында еңбек етіп, екі тәулік демалатын жас жігіт сол екі күнінің бірінде ерікті болып, шаралар ұйымдастырады. Фархад Сағынбай Kazinform-ға сұхбат беріп, еріктілердің бүгінін баяндады.

Фархад Сағынбай
Фото: Ф. Сағынбайдың жеке мұрағатынан

— Адамдарға жәрдемдесу, қиын кезде қолұшын созу біздің болмысымызда бар қасиет. Қазір осы қасиет бойға дарыған жастар бірігіп, зор күшке айналды. Өзіңіз еріктілердің қатарына қашан қосылдыңыз?

— Мен 2014 бастап Хромтау ауданында волонтер болдым. Ол кезде аудандық жастар ресурстық орталығы ашылып, «Хромтау жастары» тобы құрылды. Ерекше оқиға есімде қалған. Балалар үйіне барған кезде бір сәби қолымнан ұстап: «Аға, сіз тағы келесіз бе?» — деп сұрады. Уәде бердім. Кейін концерт ұйымдастырып, қаржы жинап, қайта оралдым. Содан жұмыс тоқтамады.

Ол кезде Хромтау ауданында да патронат отбасы болды. Біз барып, түрлі мәдени-спорттық шара, қайырымдылық акциясын өткіздік. Сонымен бірге, Ақтөбе облысы Мәртөк ауданындағы Жайсаң арнайы мектеп-интернатын естен шығармадық. Қайырымдылық концерттен түскен қаржыға балаларға қажетті құрал-жабдық сатып алуға көмектестік.

Ал 2018 жылы «Қаһарман» қоғамдық бірлестігі жұмысын бастады. Бұл жұмыстың бәрінің басы-қасында жастар жүр. Қазір Волонтерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Жалғасбаевтың еміне қаржы жинап жатырмыз. Оның екі бүйрегі бірден сыр беріп, отаға дайындалып жүр. Бар күшті салып, миллиондар аударуға көмектесіп жатырмыз.

Өзім мектеп, колледж кезінен белсенді болдым. Хромтау тау-техникалық колледжінде оқып жүргенде там-тұмдап жиналып, қатарға қосылғандар қатары артты. Келер жылы ерікті болып жүргеніме он жыл толады екен.

ф
Фото: Ф. Сағынбайдың жеке мұрағатынан

— Ерікті деп қолбаласындай жұмсайтындар бола ма?

— Бұрын еріктілер қонақтарды күтіп алатын, қолына жалауша ұстап тұратын адамдар болды. Қазір көзқарас өзгерді. Волонтердің бағыт-бағдары бар, тіпті қоғам белсендісі атанып жүр.

— Әу баста сіздерді кім біріктірді?

— Топты ашатын кезде Кәкім Сатаев болды. Сонымен бірге Назгүл Сәрсенбайқызын да айта кету керек. Сол жылдары басталған жұмыс әлі жалғаса береді.

Жастармен кездескен кезде: «Волонтерге ақша төлей ме?» — деп сұрап жатады. Ондайда еріктінің еңбегі туралы жан-жақты ақпарат беремін. Қоғамдық жұмысты адам өзінен бастауы керек екенін түсіндіремін. Жасы үлкенге құрмет көрсетіп, өз құрдастарыңмен сырласасың, кішіге қамқор боласың. Сөйтіп дүниетанымың, көкжиегің кеңейеді, көзқарасың, адами болмысың қалыптасады. Мен де қарапайым адаммын. Дөң кен байыту комбинатында жұмыс істеймін. Онда технологпін. Қазір Хромтау аудандық мәслихатының депутаты болдым. Депутат болу арқылы халықтың проблемасын көтеруге мүмкіндік алдым.

ф
Фото: Ф. Сағынбайдың жеке мұрағатынан

— Өндіріс орнында өзіңіз сияқты еріктілер қатарында жүрген жастар бар ма?

— Онда Жастар кеңесі бар. Сонымен бірге, аудандық жастар ресурстық орталығы жастар жиналатын орынға айналды. Биыл коворкинг орталығы ашылып, үлкен мақсатқа қол жеткіздік. Мұнда тіл үйретіп, бос уақытты тиімді өткізуге болады. Волонтерлер де осында басқосады, талқылап, ой-бөліседі.

— Волонтерлік бағыттың түрі көп. Аудан-ауылда қай тұсын дамыту маңызды деп ойлайсыз?

— Мен жастардың жанындамын, сол ортадамын. Сондықтан осы бағытты дамыта түскен абзал. Елімізде жастар саясаты алға жылжып келеді. Әлі де түрлендіру керек. Білім, мәдениет, спорт саласындағы көп жұмысты жетілдірген дұрыс. Сонымен бірге, «Қызыл Ай» алғашқы көмекті үйретеді. Таяуда төтенше жағдайға дайындау курсы өтті. Оған ауданнан екі адам жіберілді. Жұмыс істеп жүрген еріктілерді сұрап алып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік бар. Түнгі рейдке де шығып, полицияның қоғамдық көмекшісі боламыз. Кейде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдем береміз. Ол кезде демеушілер көмектеседі.

ф
Фото: Ф. Сағынбайдың жеке мұрағатынан

— Сіздерге кім демеуші болады?

— Аудандағы кәсіпкерлер еріктілердің өтінішін жерде қалдырмайды. Нақты адамды айтып, оның жағдайын түсіндіреміз. Сол кезде сеніп, көмектесіп жатады. Азық-түлік, дәрі-дәрмек алып береді. Балаларға мерекелік шара да ұйымдастырып, көңілін көтеретін кез аз емес. Қазір біздің жанымызда 15-ке жуық жас бар. Аудандық жастар ресурстық орталығымен қатар жүріп, көп іс тындырды.

ф
Фото: Ф. Сағынбайдың жеке мұрағатынан

— Ұрпақтар сабақтастығы бар ма? Сіздің ізіңізден кім еріп келеді?

— Еріктілер қатары үнемі жаңарып отырады. Бірі өзге облыс, қалаға оқуға кетсе, бірі енді жанымыздан табылды. Жоғары сынып оқушыларынан бастап келіп, кейде орны ойсырап қалады. Сол шақта колледжге барып, кездесіп, өзіміздің қатарымызға шақырамыз. Сонымен бірге, ауыл жастарымен кездесіп, волонтер болудың қыр-сырын үйретеміз. Бірақ одан оң нәтиже көрмедім. Ауыл жастары селсоқ қарады. Мұндай түсіндіру жұмыстары келер жылы да жалғасады.

— Еріктілерді қандай сұрақтар мазалайды?

— Кейде біз түсінбейтін жағдай кездесіп жатады. Мәселен, «Біз біргеміз» акциясы аясында азық-түлік апару үшін жергілікті әлеуметтік сала мамандарынан тізім аламыз. Мекенжайын іздеп тауып барған кезде әл-ауқаты жақсы отбасы кездесіп жатады. Тіпті, кәсіпкердің де үйіне барып қалдық. Сондықтан бізге тізімді қайта қарап, іріктеу керек. Мониторинг жасау да ойда бар.

ф
Фото: Ф. Сағынбайдың жеке мұрағатынан

— Волонтерлік жол адамды тәрбиелей ала ма?

— Жақсы із қалдырғың келсе, қоғамдық іспен, волонтерлік қызметпен айналысқан дұрыс деп есептеймін. Жақсылық жасасаң, өзіңе де жақсы. Кейбір замандасымыз тентектеу болып жүріп, мүмкіндігі шектеулі балаларды көргенде, оларға қамқорлық танытып, көмектескенде өзгеріп сала береді. «Бір аптадан кейін қайта келейік, тағы да көмектесейік» деп айтып жатады. Өзім де қуанамын. Мен 12 сағат жұмыс істеп, 2 күн демаламын. Сол екі күннің бірін, кейде екеуін де волонтерлік қызметке арнаймын.

— Ісіңізге сәттілік тілейміз, сұхбатыңызға рахмет.

ф
Фото: Ф. Сағынбайдың жеке мұрағатынан