Екібастұзда балықшы суға батып кетті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Құтқару қызметіне Екібастұз қаласына қарасты Шиқылдақ ауылы маңында, академик Сәтбаев атындағы канал учаскесінде 1963 жылы туған ер адамның жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен.

Екібастұзда балықшы суға батып кетті
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Алдын ала мәлімет бойынша, ол 2 мамыр күні досымен бірге балық аулауға кетіп, содан кейін байланысқа шықпаған.

Оқиға орнына жедел түрде Екібастұз қаласында орналасқан жедел-құтқару жасағының күштері жіберілген. Құтқарушылар арнайы жабдықтар мен моторлы қайықты пайдалана отырып, су айдынын тексерді. Сондай-ақ жағалау бойында кинологиялық есептің қатысуымен іздестіру жұмыстарын ұйымдастырған.

— Су айдынына әуеден мониторинг жүргізу барысында ұшу аппаратының көмегімен резеңке қайық табылды. Қайық маңынан, 5 метр тереңдіктен сүңгуірлер ер адамның мүрдесін алып шықты. Ол қайыққа құтқару кеудешесін кимей отырғаны анықталды. Марқұмның денесі Екібастұз қаласының полиция қызметкерлеріне тапсырылды, — деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.

Еске сала кетейік, Түркістан облысында суға батып кеткен баланың денесі табылды. 

Мұрат Аяған
Павлодар облысы
Фото: Павлодар облысы ТЖД