Түркістан облысында суға батып кеткен баланың денесі табылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы Машат ауылында суға батып кеткен баланың денесі табылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін, 4 сәуірде Түркістан облысы Сайрам ауданы Машат елді мекені Машат өзенінде жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында ТЖМ жедел құтқару жасағының қызметкерлері 2024 жылы туған баланың денесін тапты.
Алдын ала мәлімет бойынша, бала 31 наурыз күні өзенге құлап кеткен.
Іздестіру жұмыстары бірнеше күн бойы жүргізілді.
Нәтижесінде баланың денесі оқиға орнынан шамамен 7 шақырым төмен жерден табылды.
Бұған дейін Түркістан облысы Сайрам ауданы Машат ауылындағы Машат өзенінде суға кеткен 2024 жылы туған бүлдіршінді іздестіру жұмыстары жүріп жатқанын жазған едік.
Сонымен қатар Түркістан облысы Келес ауданында 2018 жылы туған баланы іздеу бойынша іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.