Екібастұздағы аймақтық электр стансасын салатын инвестор табылмай жатыр – Энергетика министрі

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында «таза көмір» технологиясы арқылы салынатын жылу-электр нысандарын іске асыратын инвестор табылмай жатқанын айтты.

Энергетика министрі
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Мемлекет басшысының таза көмір технология базасында көмір генерациясын дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес, министрлік экологиялық талаптар мен нормаларына сай келетін бірқатар ірі жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда Екібастұздағы №3 мемлекеттік аймақтық электр станциясын (2640 МВт) салатын инвесторды айқындау бойынша тендер өткізілді. Курчатов қаласында жылу электр станциясын (700 МВт) салу үшін тендер жариялау жоспарланып отыр, - деді Ерлан Ақкенженов.

Министрліктің мәліметі бойынша Екібастұздағы жобаның инвесторын анықтау тендері өтпей қалған. Себебі оған бір ғана компания қатысқан. Ал заң бойынша тендерді өткен деп тану үшін кемінде екі компанияның қатысуы қажет. Осыған байланысты министрлік Үкіметке бір көзден шарт жасасу туралы шешім қабылдау туралы хат жолдаған.

- Министрлік «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы компаниясымен тікелей шарттар аясында бірлесіп Көкшетау (240 МВт), Семей (360) МВт), Өскемен (360 МВт) қалаларында жылу электр орталықтарын құруға арналған жобаларды іске асырып жатыр. Онда түтін газдарын тазалаудың озық жүйелері, ауыр металдарды ұстау технологиялары қолданылады, - деді министр.

Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында электр энергетикасы саласын дамыту мен цифрландыру барысы талқыланып жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар