ЕҚДБ Алматы әкімдігінің муниципалды облигацияларын алғашқылардың бірі болып сатып алуға дайын екенін білдірді

Қала басшысы өз сөзінде Алматы мен ЕҚДБ арасындағы ұзақ мерзімдік байланыс өз жемісін бергенін атап өтті. Соның арқасында 2009 жылы құны 121 млн. АҚШ доллары болатын 4 жоба жүзеге асырылды. Қазіргі кезде қала көшелерін жарықтандыру және жылу беру жүйесін жаңарту бойынша 2 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы құны 178 млн. АҚШ доллары болады. Бұл жобалар Қазақстанның «жасыл экономика» стратегиясы аясында қолға алынуда. «Біздің Еуропа қайта құру және даму банкісімен арадағы табысты ынтымақтастығымыз жеке шетелдік инвесторлар үшін жағымды жаңалық болып табылады. Мұнда инвесторлар үшін барлық жағдайлар жасалған, бизнес-ахуал да тартымды және басшылық тарапынан міндеттемелердің орындалуына кепілдік беріледі», - деді Ахметжан Есімов. Сонымен қатар әкім қала шаруашылығының барлық секторларының байланыс аясының арта түскендігін атап өтті. Бүгінгі күні жеңіл рельсті көлік желісі (ЖРК) мен тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) өңдеу полигоны құрылыстарының жобаларын дайындау да аяқталып қалды. Өз кезегінде ЕҚДБ басшысы Сума Чакрабарти Алматымен бұдан әрі іскерлік байланыста болуға дайын екендіктерін жеткізді. «Біздің жемісті іскерлік байланысымыз өзге елдерге үлгі болуда. ЕҚДБ қала шаруашылығында үлкен маңызға ие ЖРК желісі мен ТҚҚ өңдеу полигоны жобаларын жүзеге асыруға қолдау білдіреді. Бірақ біздің байланысымыз бұлармен шектеліп қалмақ емес, біз Алматы әкімдігінің муниципалды облигацияларын алғашқылардың бірі болып сатып алуға дайынбыз»,- деп атап өтті Сума Чакрабарти. Сөз соңында ЕҚДБ басшысы қала басшылығына 24-ші Қысқы Олимипада ойындарын өткізу құқығын жеңіп алуда табыс тіледі.