Екі ел арасындағы байланыстардың болашағына зор сеніммен қараймыз ? Иран Президенті
АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Иран мен Қазақстан тарапы өзара инвестиция тарту мәселесіне келісті. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен баспасөз мәслихатында Иран Ислам Республикасының Президенті Махмұд Ахмадинежад мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Банк секторында ынтымақтастық бойынша Қазақстан Президенті бұл қарым-қатынасты дамыту тұрғысында тиісті тапсырма берді. Себебі бұл сала екі ел арасындағы тауар айналымына өзіндік септігін тигізетін болады», деді Иран Президенті. Каспий теңізі бойынша Қазақстанмен ұстанымдар өзара жақын екенін жеткізген ол: «Біз Каспий бейбітшілік пен достықтың теңізі болуына ниеттіміз. Біз осы теңіздің әлеуетін пайдалануда, оның экологиясын қорғауда бір-бірімізге көмектесуіміз шарт. Осы орайда Қазақстан Президенті бекіре тұқымдас балықтарды қорғау бойынша өз ұсынысын жасады. Иран тарапы бұл ұсыныспен келіседі және қолдайды. Осы идея тұрғысында Каспийде бірлесіп жұмыс істейтін боламыз», деді.
Келіссөздер барысында аймақтық мәселелер талқыланғанын жеткізген Иран Президенті Ирак, Ауғанстан жағдайы, есірткінің заңсыз айналымымен күрес, лаңкестікке қарсы күрес мәселелері талқыланғанын атап өтті.
«Екі ел арасындағы байланыстардың болашағына зор сеніммен қараймыз. Бұл ресми сапар біздің елдер арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін бермек. Осы тығыз байланыстар біздің елдермен қатар бүкіл осы аймаққа өзіндік пайдасын тигізбек», деді Махмұд Ахмадинежад.