Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын бұрмалаудың барлық дерегі дәйекті тойтарыс алуы тиіс - Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың жетекші «Синьхуа» ақпарат агенттігі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылдың 31 тамызы мен
None
None

3 қыркүйегі аралығында Бейжіңге жоспарланып отырған сапары алдындағы эксклюзивті сұхбатын жария етті. Сұхбатта Елбасы Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жағдайы мен болашағына, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында фашизмді жеңудегі Қытайдың рөліне және қытай халқының жапон басқыншылығына қарсы соғыстағы жеңістің 70 жылдығына орай 3 қыркүйек күні Бейжіңде өтетін шерудің маңызына қатысты сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген.

- Сіз Қытайдың жапондық басқыншылыққа қарсы соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты шеруге қатысуды жоспарлап отырсыз. Сіз антигитлерлік коалиция елдері үшін оның маңызын қалай бағалайсыз?

- Бейжіңде өтетін шеру - тек қана Қытай үшін емес, сонымен бірге барша ғаламшар үшін маңызды оқиға. Ол ең қантөгісті соғыстың зұлматын, нәсілдік және этникалық үстемдік идеясына негізделген басқыншылық қандай жайтқа апарып соқтыратындығын адамзат баласының қаперіне тағы бір мәрте салады. Бүгінде ғаламшардың әртүрі нүктелерінде жанжалдардың салдарынан мыңдаған бейкүнә адамдардың қаны төгілуде. Сондықтан сол зұлмат соғыс сабақтары барынша өзекті.

Бұл сабақтар ең алдымен блоктық ойлаудан бас тарту қажеттігін және біздерге теңдік, өзара сенім мен алдын ала болжағыштық ұстанымдарына негізделген жаһандық қауіпсіздік жүйесін құруды үйретеді.

Біз тек ортақ күш-жігермен ғана бейбіт әрі тыныш өмір сүруімізге қауіп төндіретін сын-қатерлермен күресуге болатындығын есте сақтауға тиіспіз. Өйткені, Екінші дүниежүзілік соғыс жеңісіне одақтың әрбір мүшесінің зор үлесінсіз қол жеткізілмейтін еді.

Мұнан бөлек Тяньаньмэнь алаңында өтетін салтанатты шеру - бұл біздің әкелеріміз бен аталарымыздың абыройының, батырлығы мен ұлы ерлігінің нышаны. Сол соғыстың ардагерлері мен куәгерлері жылдан жылға азайып бара жатыр. Біздердің барлығымызға өмір сыйлаған оларға алғыс білдірудің бірегей мүмкіншілігі туып отыр.

- Әлемде Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын қайта жазуға ұмтылып жүрген күштер де бар. Сіздіңше, мұндай әрекеттерді тыю үшін не істеу қажет?

- Тарихты қайта қарау құбылыс ретінде барлық уақытта да болған. Ғалымдар көне қолжазбалардағы жекелеген фактілердің өзгеріске ұшырағанын дәлелдейтін деректерді жиі табады.

Дегенмен, қазіргі әлемде тарихты көшіру басқа ауқымға, басқа мақсатқа және барынша шектен шыққан құралдарға бейім болып барады. Өкінішке қарай, мұндай жайт адамзат тарихындағы дәуірлік оқиға Екінші дүниежүзілік соғысқа да қатысты болып отыр. Фактілерді қасақана бұрмалау жекелеген саясаткерлердің қолындағы насихат қаруына айналып, қасақана жүргізіліп жатқанын айтуға тура келіп тұр. Бір елдің рөлін төмендетіп, екіншісінің рөлін арттыра түсу, фактілерді бұрмалау, жекелеген тарихи тұлғаларды «әзәзілге теңеу» және «ақтау» - мұның барлығы бір сәттік саяси мүдде пайдасына, қоғамдағы алауыздықты тудыру мақсатында жасалады.

Сонымен қатар бұқаралық коммуникация құралдарының дамуы тарихи фактілердің «өңін айналдыру» міндетін айтарлықтай жеңілдете түсетіндігін де түсіну қажет. Ақпараттың мол ағыны барысында адамдардың бұқаралық ақпарат құралдарында таралатын фактілерді сыни қабылдау шамасы төмендейді. Бұл процестерді тоқтатып, жол кесу барлық елдердің бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана мүмкін болмақ. Білім беру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және ақпараттық саясат салаларында көп еңбекті талап етеді.

Миллиондаған адамның өмірін жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын бұрмалау деректері өз бағасын алуы тиіс. Тек қана айыптап қана қоймай, адамдарға шынайы картинаны паш ететін дәйекті тойтарыс беру қажет деп санаймын.

- Жапондық милитаризмге қарсы соғыс жылдарында Қытай материалдық, сондай-ақ адами тұрғыда зор зиян шекті. Сіз фашизмді жеңу барысындағы Қытай рөлін қалай бағалайсыз?

- Қытайдың екінші дүниежүзілік соғыс жеңісіне қосқан үлесін қайта бағалау мүмкін емес. Аспан асты елі Азия құрлығындағы әскери ұрыс іс-қимылдарының басты театры болды - мұнда 1945 жылы милитаристік Жапонияның тізе бүгуіне жол ашқан өте маңызды шайқастар жүрді.

Қытай халқы өз елінің болашағы үшін жанқиярлықпен күресті және бұл жеңіске мол азаппен жетті.

Ұрыс іс-қимылдары басталған 1931 жылдан 35 миллион Қытай азаматы соғыс құрбанына айналды. Қытай жерінде өткен соғыс даласында 1,5 миллионнан астам қарсыластардың жауынгерлері ажал құшты. Соғыстың ең қиын-қыстау кезеңінде де Қытай тізе бүкпей, қарсыласуын жалғастыра берді, қарсыластарын Оңтүстік Азияға, Автралияға одан ары шабуыл жасауына жол бермей «бұғау» болды.

Мұның барлығы қытай халқының басқа халықтармен иық тірестере отырып, біздің ғаламшарымыздағы бейбітшілік пен аман-есендік үшін батырлықпен күресінің арқасында орын алды.

Фашизмді жеңудегі Қытай рөлі мұнан да зор құрметке лайық деп санаймын.

- Сіздің ойыңызша, Қазақстанның әскери қызметшілерінің шеруге қатысуының екіжақты сенім мен ынтымақтастықты нығайтуда маңызы қандай?

- Фашизмге қарсы соғыс әрбір қазақстандық отбасына зор ауыртпалық әкелді. Адамзат тарихындағы ең зұлмат сол соғыс жылдары ішінде Қазақстанның әрбір 5-ші тұрғыны әскер қатарына жұмылдырылды. Шамамен 1 миллион 200 мың адам майданға аттанып, соның жартысы майдан даласынан қайтып оралмады. Тылда армияның керек-жарағы үшін әйелдер, қарттар мен балалар еңбек етті.

Сондықтан қазақстандықтардың Бейжіңдегі шеруге қатысуы - бұл біздердің фашизмге қарсы күрестегі ортақ жеңісіміздің, жеңіске қосқан бірлескен үлесіміздің нышаны. Өзара түсіністік пен достық рухындағы жылдар зымырап өтіп жатса да біздер қазіргі уақытта да бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолында бірлесе жұмыс істеудеміз.

Бүгінгі күні Қытай Қазақстанның өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы стратегиялық серіктесі болып отыр. Біздердің халықаралық күн тәртібіндегі барлық маңызды мәселелер бойынша мүддеміз де, көзқарасымыз да ұқсас. Алдағы уақытта өтетін шерудің біздердің халықтарымыз арасындағы достық қарым-қатынастарды одан ары нығайта түсуге септігін тигізетіндігіне сенімім мол.

- Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының жай-күйі мен болашағын қалай бағалайсыз?

- Тәуелсіздің алған сәттен бастап Қытаймен тату көршілік қарым-қатынасты қолдау Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты басымдықтардың бірі болды.

Қазақтар «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық», - дейді. Дәл осындай мақал қытайлықтарда да бар. Ол біздің елдеріміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өлшемдерде жақын екендігін тамаша паш етеді.

Қытай - біздің елімізге инвестиция салу көлемі бойынша көшбасшылардың бірі және Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Энергетика, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық белсенді даму үстінде.

Біздің өзара іс-қимылымыз тек қана экономикалық құраммен ғана шектелмей, барлық басқа да аспектілерді қамтуымен де ерекшеленеді. Қазақстан мен Қытайдың жан-жақты стратегиялық серіктес деңгейіне шығуы да тосын жайт емес.

Біз Қазақстанның Қытайдағы мәдени күндерін және біздің еліміздегі қытай мәдени күндерін өткіземіз. Бүгінгі күні мыңдаған қазақстандық жас ҚХР жоғары оқу орындарында білім алуда, біздің оқу орындарымызда да Қытай жастарының өкілдері оқып жатыр. Біздің ынтымақтастығымыз қауіпсіздік, экстремизмнің кез келген түріне, есірткінің таралуына қарсы тұру салаларында жолға қойылған.

Біздің мемлекеттеріміздің жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылы БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК сынды халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында орын алатындығын атап өткен жөн.

Перспектива жайында айтар болсам, мен біздің қарым-қатынасымыздың дамуының өрлеп келе жатқан траекториясын көріп отырмын. Өзара іс-қимыл көлемін кеңейту және оларды жаңа сапалы маазмұнмен толықтыру біздерді көлік, өнеркәсіп, жоғары технологиялар салаларындағы бірлескен жобалармен қамтамасыз етеді.

- Қытай мен Қазақстан «Жібек жолын» құру бағдарламасын жүзеге асыруда тығыз ынтымақтастықта. Екіжақты ынтымақтастықта қазіргі уақытта қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

- «Жаңа Жібек жолы» - бұл жаһандық ауқымдағы жоба. Ол біздің елдеріміздің экономикалық серіктестіктің жаңа кезеңге көшкендігін білдіреді. Бұған қоса, ол барша Еуразия құрлығындағы көлік-логистикалық ландшафтты өзгертеді.

Жобаның мәні басты экономикалық орталықтар арасындағы барынша жедел әрі сенімді жүк тасымалын қамтамасыз етуде болып отыр. Бұл бизнес үшін де, халық үшін де тиімді. Жібек жолы - бұл бір ғана бағдар емес, ол біздерді аталған мақсаттарға жақындата түсетін коммуникация жүйесі. Біздің елдеріміз аталған жүйені дамыту үшін көптеген жұмыстарды атқарды. Іс жүзінде Қытайдың Тынық мұхиты жағалауын Каспий теңізімен жалғайтын темір жол дәлізі құрылды. Мұнан ары «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» дәлізімен интеграциялану арқылы көптеген ірі нарықтарға шығу қамтамасыз етіледі.

Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа бағытына және кері контейнерлік пойыздар қозғалысы кеңейіп келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың 7 айы ішінде біздің еліміз арқылы 234 пойыз өткізілді. Бұл 2014 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен үш есе артық. Жыл қорытындысына бұл бағыттағы жүк айналымы 40 мың контейнерден асып түседі деп күтілуде.

Басым бөлігі біздің ел арқылы өтетін «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автожолының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, ірі инфрақұрылымдық жобалар қатарында Қорғас халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы, «Алтынкөл-Қорғас» жаңа темір жол өткелі, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА көлік-логистикалық кешенін атап өтуге болады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда кешенді инфрақұрылымдарды қамтуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл да Еуропа мен Азияны жалғайтын нағыз көпір болып саналатын біздің еліміздің кеңістігін жаңа Жібек жолы жүйесімен интеграциялаудағы тағы бір қадам болмақ.

Осылайша, осынау жаһандық бағдардың негізі қазірдің өзінде қалыптасты. Ендігі уақытта көлік ағындарын ретке келтіру жұмыстарымен айналысу қажет. Мұнан бөлек, Жаңа Жібек жолы көліктік-логистикалық жоба аясынан шығып кетеді - ол толықтай алғанда экономикалық даму белдеуі ретінде танылған. Бұл бағытта да біздердің елдеріміз қарқынды жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, жалпы сомасы 30 млрд. доллардан асып жығылатын 48 инвестициялық жоба іріктеп алынған. Олар мығым іскерлік серіктестіктің тініне айналады.

Соңғы жаңалықтар