Экология министрлігі орманды өрттен қорғау іс-қимылына кепілдік бере ала ма

Ерлан нысанбаеы
Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев орманды өрттен қорғау іс-шараларына қатысты түсінік берді.

«Материалдық-техникалық тұрғыда жабдықтап жатырмыз және бұл тұрғыда оңтайлы нәтиже бар. Кешенді жоспар аясында 5 жылға 68 млрд теңге қарастырылған. Былтыр 13,4 миллиард теңге түсті, 300-ден астам түрлі техника мен қондырғылар сатып алдық. Биыл 15 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бізде өрт сөндіру техникасы да ескіргенін ескере отырып, жаңасын аламыз. Қазіргі кезде өрт сөндіру техникасы паркінің тозуы 72 пайыз шамасында. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп оқу-жаттығулар өткізіп жатырмыз. ТМЖ Оқу орталығында 1332 өрт қауіпсіздігі инспекторы оқытылды. Яғни, мамандар өрт ошағына жақындамай-ақ әуеден өшіре алады. Барлық тиісті шаралар қабылданып жатыр», — деді Е. Нысанбаев тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол ведомство 2023 жылы Семей Орманында болған қайғылы өрттен қандай сабақ алғанын айтты.

«Ең маңызды сабақ — өрт сөндіру кезіндегі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы. Біз хабарландыру алгоритмін айқындадық. Мұнымен қоса, өрт ошағын барынша тезірек анықтау қажет, сондықтан біз ерте анықтау жүйесін енгізіп жатырмыз. Былтыр екі ұлттық паркте осындай жүйелерді орнаттық. Ең бастысы, жедел ден қою және басқа мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуді қамтамасыз етуге екпін қою керек. Атап айтқанда, өткен жылдардағы өрттердің қайталанбауына бар күш-жігерімізді саламыз», — деді министр.

Биыл сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрғақшылық пен су тапшылығы мәселесін көтеріп, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізуді тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар