Экологиялық мәселелер туралы Телеграм-бот халықтың 22 мың арыз-шағымын қабылдаған

АСТАНА. KAZINFORM –  Былтыр Telegram-да іске қосылған @TazaQazBot тұрғындардың 22 мың шағымын қабылдады, оның 21 мыңнан астамы орындалды. Бұл көрсеткіштер туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев айтып берді. 

Экологиялық мәселелер туралы Телеграм-бот халықтың 22 мың арыз-шағымын қабылдаған
Фото: Reuters

Вице-министр азаматтарда экологиялық құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қалыптастырудың маңызын атап өтті.

− Осы мақсатта біз цифрлық технологияларды пайдаланып келеміз. Өткен жылы Telegram-да іске қосылған @TazaQazBot тұрғындардың экологиялық мәселелер мен абаттандыру мәселелерін жедел шешуге қаншалықты оңай қатыса алатынын көрсетті. Бот іске қосылғалы 22 мың шағым түскен, оның 21 мыңнан астамы орындалды. Қазіргі уақытта 242 шағым қаралып жатыр. 2025 жылы 12 мыңнан астам шағым қабылданды, оның 11 мыңнан астамы орындалған, - деді М. Ошурбаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Тұрғындар көбінесе аумақты тазарту қажеттігі (3 617), қоқыс шығару (873), көшелерді абаттандыру мен тротуарларды күтіп-ұстау керектігі (867) жөнінде хабарлаған. 

− Өтініштердің мұндай көптігі халықтың экологиялық мәселеге бей-жай қарамайтынын және таза әрі жайлы Қазақстан құруға белсенді қатысып жатқанын айқын дәлелдейді. Бұл «Таза Қазақстан» бастамасы халық арасында қолдау тапқанын және азаматтардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға дайын екенін көрсетеді, - деді М. Ошурбаев. 

Еске сала кетсек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен жылдан бері ел бойынша 1,4 млн тонна қалдық жиналып, 2,4 млн ағаш отырғызылды. Акцияға шамамен 9 млн адам қатысқан, оның ішінде 450 мың ерікті бар.

Соңғы жаңалықтар