Экологиялық заң: гидрометеорологиялық қызметті жетілдіру, киік мүйізін сату тәртібі айқындалды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң бірінші оқылымда мақұлданды.

Сенат
Фото: Сенат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің алдына экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және «жасыл» экономиканы дамыту жөнінде маңызды міндеттер қойды. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін экологиялық заңнаманы жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу, экологиялық бақылауды күшейту және қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық тетіктерін дамыту қажет. Заң осы міндеттерді шешуге бағытталған. Бірінші бағыт – қоршаған ортаның жай-күйі мен табиғи ресурстар туралы деректерді цифрландыру. Заңда экологиялық ақпаратты шоғырландыратын бірыңғай ұлттық деректер банкін қалыптастыру көзделеді. Оның құрамына мониторинг жүйелерінің деректері мен өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері енгізіледі. Бұл ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етіп, бақылаудың тиімділігін арттырады, - деді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.

Екінші бағыт – көміртектік офсеттерді дамыту. Заң орман және жайылым көміртектік офсеттері институтын енгізеді. Бұл жеке инвестицияларды тарту арқылы орман отырғызу жобаларын дамытуға және еліміздің климаттық міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді.

- Үшінші бағыт – қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру. Заңсыз қоқыс орындарын жою жөніндегі өкілеттіктер жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму бойынша тарифтік саясатты өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып жүзеге асыру көзделген. Төртінші бағыт – ұлттық гидрометеорологиялық қызметті жетілдіру. «Қазгидромет» қызметінің мемлекеттік функциялары мен бәсекелі негізде көрсетілетін қызметтері нақты ажыратылады. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бесінші бағыт – нормадан тыс шығарындылар үшін жауапкершілікті нақтылау. Құқық қолдану тәжірибесінде орын алған олқылықтарды жою үшін артық эмиссиялар бойынша есептеу тәртібі нақтыланады. Бұл экологиялық бақылаудың нәтижелілігін арттырады, - деді депутат.

Бұдан бөлек, құжатта қайта өңдеу саласын қолдау нормасы қамтылды. Қайта өңделген шикізатты пайдаланатын отандық өндірушілерді ынталандыру шаралары енгізіледі. Бұл қайта өңдеу индустриясының дамуына және айналым экономикасын қалыптастыруға ықпал етеді. Мұнымен қоса, «жасыл» қаржыландыру мен экологиялық сақтандыру тетіктерін жетілдіру тетіктері қарастырылған. Ұсынылған түзетулер экологиялық жобаларды қаржыландырудың тиімділігін арттыруға және қоршаған ортаға келтірілген залал үшін жауапкершіліктің қаржылық тетіктерін күшейтуге бағытталған.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мәліметіне қарағанда, заңның негізгі нормалары мыналарға бағытталған:

- мемлекеттік экологиялық сараптама мен қоғамдық тыңдаулар өткізу рәсімдерін жетілдіру;

- инвестициялық жобалар мен көмірсутектерді барлау жөніндегі жобалар үшін экологиялық рұқсаттар мен қорытындылар алу мерзімдерін қысқарту (теңізде көмірсутектерді барлауды қоспағанда);

- уәкілетті органның қалдықтарды басқару және қайталама ресурстарды қайта өңдеу жүйесін ұйымдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету тәртібін, сондай-ақ қалдықтармен және қайталама ресурстармен жұмыс істеу саласындағы іс-шараларды қаржыландыру тәртібін бекіту жөніндегі құзыретін бекіту;

- ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің жергілікті атқарушы органдарының коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және көму орындарын ұйымдастыру жөніндегі құзыретін бекіту;

- қалдықтарды тұрақты есепке алу нысанын және оны толтыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту жолымен қалдықтарды есепке алу жүйесін жетілдіру;

- мемлекеттік орман қоры аумағында өртті ерте анықтау жүйесін енгізуді материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторының функцияларын кеңейту;

- Климаттың өзгеруі туралы БҰҰ негіздемелік конвенциясы аясында климаттық қаржыландыру қағидаларын және Париж келісімінің 6-бабының нарықтық тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыретін бекіту.

Киік мүйізін сату тәртібін айқындау

Атап айтқанда, бұл құжатта киік дериваттарын сату жүйесінің операторын, оның өкілеттіктері мен киік дериваттарын сату тәртібін айқындау ескерілген.

Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Қазақстан киік мүйізін экспорттайтыны мәлім болды. 

Бұл ретте Экология және табиғи ресурстар министрлігі елімізде жалпы қанша киік мүйізі таңбаланғанын мәлімдеген еді. 

Сонымен қатар, 2025 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы CITES конвенциясынан киік мүйіздерін экспортқа үш жыл бойы, жалпы лимиті 30 тонна көлемінде саудалауға рұқсат алды. Бұл шектеу экспортқа қатысты, алайда ел ішіндегі айналым мен қайта өңдеуге шектеу қоймайды. Аталған рұқсат 2026 жылғы 5 наурызда күшіне енді.

Қазақстанға киіктің бүтін мүйіздерін тек мемлекеттік қорлардан ғана халықаралық саудалауға рұқсат етілген. Бұл ретте оларды міндетті түрде таңбалау және цифрлық қадағалануын қамтамасыз ету, сондай-ақ CITES Хатшылығына сатып алушылардың қоймаларындағы өнім қалдықтары туралы ақпарат беру міндеттемесі жүктеледі.

Айта кетейік, киіктердің барлық мүйізі ескеріліп, таңбаланып, министрлікке ведомстволық бағынысты «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК ұйымында күшейтілген күзет және мамандандырылған инфрақұрылым жағдайларында сақталатыны мәлім.

- Киік популяциясын басқару кезеңінде барлығы 232 157 киік мүйізі таңбаланып, олар «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-да сақтауға қойылған, - деп аталып өткен Экология министрлігі ақпаратында.