Экологтер Қарағандыда ағын суда зиянды заттар мөлшерінің артқанын анықтады
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағандыдағы аэрация станциясында тазартылған ағын сулар құрамындағы ластаушы заттардың рұқсат етілген шекті мөлшерден асқаны анықталды. Жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға 10 млн теңгеге жуық айыппұл салынып, анықталған заң бұзушылықтарды жою міндеттелді.
Қарағанды облысы бойынша Экология департаментінің мамандары жоспардан тыс тексеру барысында «Қарағанды Су» ЖШС-нің аэрация станциясында экологиялық заңнама талаптары бұзылғанын анықтады.
Зертханалық зерттеулер нәтижесінде тазартылған ағын сулар құрамындағы екі көрсеткіш бойынша белгіленген нормативтердің сақталмағаны белгілі болды. Атап айтқанда, аммиактың (азот бойынша) концентрациясы рұқсат етілген 2,49 мг/дм³ мөлшер кезінде 2,57 мг/дм³ жеткен. Ал нитриттердің мөлшері норматив бойынша 0,365 мг/дм³ болғанымен, нақты көрсеткіш 0,925 мг/дм³ болған.
Департамент мәліметінше, бұл кәсіпорында аммонийлі азот бойынша осындай заң бұзушылық бұған дейін де 2025 жылы тіркелген.
Тексеру нәтижесінде кәсіпорынға қатысты әкімшілік іс қозғалды. «Қарағанды Су» ЖШС-не анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Сонымен қатар кәсіпорынға 9 872 403 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Бұған дейін Қарағанды облысында Экология департаментінің мамандары шахталардың бірінен экологиялық талаптардың бұзылғанын анықтағанын хабарланған болатынбыз.