Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қарағанды облысында экологтер шахтаға 2 млн теңге айыппұл салды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында Экология департаментінің мамандары «Karaganda Komir» ЖШС-не қарасты «Саран» шахтасында экологиялық талаптардың қайтадан бұзылғанын анықтады. Жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айыппұл
Фото: istockphoto.com

Жоспардан тыс тексеруді Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті жүргізді.

Ведомство мәліметінше, Соқыр өзеніне ағызылатын сарқынды суларға жүргізілген зертханалық талдау барысында нитриттердің рұқсат етілген шекті концентрациясының асып кеткені анықталған. Белгіленген норматив 0,096 мг/дм³ болса, іс жүзінде ластаушы заттың мөлшері 0,330 мг/дм³-ді құрап, рұқсат етілген деңгейден 3,4 еседен астам жоғары болған.

Департаменттің хабарлауынша, дәл осы төгінді көзі бойынша осындай заңбұзушылық 2026 жылдың сәуір айында да тіркелген. Қайталанған заңбұзушылық экологиялық заңнама талаптарының сақталмағанын көрсетеді.

Тексеру нәтижесінде кәсіпорынға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, 2 190 719 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Бұған дейін СҚО-да биыл экология заңнамасын бұзғандарға 21 млн теңгеден астам айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.