СҚО-да биыл экология заңнамасын бұзғандарға 21 млн теңгеден астам айыппұл салынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының экология департаменті биыл 216 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 131 заң бұзушылық анықтады. Жауапты тұлғаларға әкімшілік шаралар қабылданды.

Фото: Pexels

Департамент мәліметінше, мемлекеттік экологиялық бақылаудың негізгі мақсаты — табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, қоршаған ортаға келтірілетін зиянның алдын алу және өңірдегі экологиялық қауіпсіздікті күшейту.

Биылғы тексерулердің 14-і нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау болса, 182-сі кәсіпкерлік субъектісіне бармай жүргізілген.

Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жоспардан тыс 8 тексеру ұйымдастырылып, 12 субъектінің біліктілік талаптарына сәйкестігі тексерілді.

Нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін 90 нұсқама беріліп, оның 83% орындалған. 

Жыл басынан бері құқық бұзушылықтарға байланысты жалпы сомасы 13,6 млн теңгеден асатын 32 әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ 24 ескерту шығарылып, 6 материал сотқа жіберілді.

Сот шешімімен бес әкімшілік іс бойынша жалпы сомасы 7,4 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Бір әкімшілік істі қарау уақытша тоқтатылған.

Құқық бұзушылар әкімшілік айыппұлды өз еріктерімен төлеп, бюджетке 13,3 млн теңгеден астам қаражат түсті. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта тек бір іс бойынша ғана 60 мың теңгеге жуық айыппұл мәжбүрлеп өндіру сатысында тұр.

Сондай-ақ департамент шаруашылық қызметін тоқтату мәселесі бойынша бір материалды сотқа жолдады.

Бұған дейін Батыс Қазақстанда экология саласында 115 заң бұзушылық анықталғанын жазған едік