Экономикалық кеңестің бүгінгі отырысы қойылған мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы кезекті белес болады - ТМД Атқарушы хатшысы С. Лебедев

ТМД Атқару комитетінің төрағасы - ТМД-ның Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев бүгін Алматыда өтіп жатқан ТМД Экономикалық кеңесінің 51-ші мәжілісінде осылай айтты.
"ТМД мемлекеттерінің экономикалық өзара қарым-қатынасын үйлестіруді тереңдету тәуекел мен қаржылық дағдарыс қаупіне қарсы бірлескен әрекеттерді нығайтады. Достастыққа кіретін мемлекеттердің басшылары ТМД аясында экономикалық өзара әрекеттестік мәселелеріне тұрақты көңіл бөледі. 2020 жылға дейінгі ТМД-ның Экономикалық даму стратегиясы базасында экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мен жетілдіруге аз күш жұмсаған жоқ», - деді ол. Еске сала кетсек, қыркүйектің басында Душанбеде Достастық мемлекеттерінің басшылары ТМД-ның 20 жылдығына байланысты мәлімдеме қабылдаған болатын. С. Лебедевтің айтуынша, бұл құжатта экономиканы одан ары жаңарту, тығыз инновациялық ынтымақтастық, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өзара әрекеттестік, мемлекеттердің экономикалық мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану, бірлескен өндірістік және қаржылық құрылымдарды құру, аймақаралық ынтымақтастықты кеңейтудің қажеттілігіне сенімділік білдірілген.