21:07, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер ұйымның Ғылым және жаңа технологияларды дамыту жөніндегі өкілдігін Алматыда ашуды қолдады
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат – Қаңтардың 12-15-і күндері Тегран қаласында Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымына (ЭЫҰ) мүше елдер Аймақтық жоспарлау кеңесінің 19-шы отырысы өтті,
![None None](/static/img/plug.webp)
деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Иран Ислам Республикасындағы елшілігіне сілтеме жасап. Аталмыш кеңестің жұмысына Қазақстан Республикасының Ирандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ЭЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ерік Өтембаев бастаған қазақстандық делегация қатысты.Жалпы сессияның барысында қазақстандық делегацияның басшысы еліміздің негізгі экономикалық саясаты туралы баяндама жасады. Сондай-ақ Елші Е.Өтембаев әлемдік қаржы дағдарысының келеңсіз салдарларын жұмсартуға бағытталған іс-шаралар кешенін айқындайтын ҚР Үкіметі, Ұлттық банкі, Қаржы нарығы және қаржы ұйымдарын реттеу мен бақылау жөніндегі агенттіктің 2009-2010 жылдарға арналған экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыру бойынша бірлескен іс-қимылдар жоспары туралы түсіндірді. Сонымен қатар, Е.Өтембаев отырысқа қатысушылардың назарын Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы болатын төрағалығы халықаралық және аймақтық ұйымдар, соның ішінде Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы ауқымындағы өзара тиімді іс-қимылға ықпал ететінін және Шығыс пен Батыс арасында сындарлы сұхбат алаңын құруға қомақты үлес қосатынын атап өтті. Отырыстың барысында ҚР Елшісі және ЭЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Е.Өтембаев ЭЫҰ Ғылым және жаңа технологияларды дамыту жөніндегі өкілдігін Алматыда ашуды ұсынды. Өкілдік ЭЫҰ мүше елдердің ғылым және алдыңғы қатарлы технологиялар саласындағы өзара іс-қимылын үйлестіруші мекеме ретінде ұйым аясында ғылыми-зерттеу институттары арасында тәжірибемен, технологиялармен және ақпаратпен алмасуға ықпал ететін болады.
Сонымен бірге, ЭЫҰ шеңберіндегі транзиттік-көліктік әлеуетті пайдалану және Парсы шығанағы бағыты бойынша транзиттік жүктер тасымалын ұлғайту мақсатында қазақстандық тараптың ұсынысымен жалпы құны 50 мың АҚШ доллары тұратын Бендер-Аббас-Алматы темір жолы бағыты бойынша контейнерлік жүк пойызын ашу туралы техникикалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу басталады. Бұдан басқа, кеңес барысында ЭЫҰ ауқымында бірқатар техникалық-экономикалық зерттеулерды жүргізу бойынша Қазақстанды үйлестіруші ел ретінде тағайындау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Атап айтқанда, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жанындағы «Экономикалық зерттеулер институты» - «ЭЫҰ аймағындағы ішкі өңірлік сауда болашақтары», «ЭЫҰ аймағындағы баламалы энергетика қорлары» мен «ЭЫҰ аймағындағы тауарлар мен қызметтер бәсекелестігі» деген тақырыптар бойынша экономикалық зеттеулер жүргізетін болады. Осы зерттеулердің әрқайсысын жүзеге асыру үшін ЭЫҰ Техникикалық-экономикалық зерттеулер қорынан 50 мың АҚШ доллардан қаражат бөлінетін болады. Басқосудың қорытындылары бойынша Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы Хатшылығының 2009 жылға арналған Іс-шаралар жоспары мен жұмысының негізгі бағыттары қабылданды.