Экс-депутат Базарбек қағып кеткен ер адам ауруханадан шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында ауыр жол апатынан кейін бірнеше апта комада жатқан ер адам есін жиды. Қазір ол сөйлеп, жақындарын таниды. 

Экс-депутат Базарбек қағып кеткен ер адам ауруханадан шығарылды
Фото: bakytzhan.bazarbek / instagram.com

Науқастың жағдайы туралы Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді. Ол Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының алдында түсірілген стористі бөлісті. 

— Нұржігіт Тараз қалалық көпбейінді ауруханасынан 31 күннен кейін шығарылды. Ол соңғы үш күнде ауруханадан шығатын сәтті тағатсыздана күткен, — деп жазды Бақытжан Базарбек.

Экс-депутат Нұржігіттің қазіргі жағдайы туралы айтып, оның келген адамдарды танитынын, сөйлейтінін жеткізді.

Экс-депутат Базарбек қағып кеткен ер адам ауруханадан шығарылды
Фото: bakytzhan.bazarbek / instagram.com

Сонымен қатар ол Нұржігіттің есін жиған сәтін де баяндады. Реаниматолог Ғамзат Мұсаевқа ол өзін жақсы сезінетінін, алайда қолы мен басы ауыратынын айтқан.
Дәрігер науқастың сұрақтарды түсініп, дұрыс жауап беріп отырғанына көз жеткізген соң, Бақытжан Базарбекке хабарласқан.

Бақытжан Базарбек жұбайы Адельмен бірге таксиде келе жатқанда, дәрігер оған: «Бәке, сүйінші! Нұржігіт оянды!» — деп айтқан. Бұл жаңалықты естігенде, ол көз жасына ерік берген.

Экс-депутат жазбасында Құлан мен Тараздағы медицина мамандарына алғыс білдірген. Оның айтуынша, дәрігерлер мен медбикелер Нұржігіттің жағдайын күні бойы бақылап, облыс орталығының мамандары аудандық ауруханаға тұрақты барып тұрған.

Еске сала кетейік, 28 тамызда Нұржігіт Құлан аудандық ауруханасынан Таразға жеткізілген.

7 қыркүйекте Бақытжан Базарбек оның 24 күн комада жатып, есін жиғанын және анасы, жұбайы, балалары мен басқа да жақындарын танығанын хабарлаған.

Ақзат Жиеналина