Экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысы ішінара жабық өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада бұрынғы дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысы ішінара ашық және жабық режимде өтеді. Бұл туралы Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Артур Абдыханов мәлім етті.

- Сот жәбірленуші тараптың өтінішхатын ішінара қанағаттандыру туралы қаулы шығарды. Негізгі сот талқылауының дайындау бөлігін ашық форматта, ал сот тергеуін жабық отырыста өткізу туралы шешім қабылданды, - деді Артур Абдыханов.
Сондай-ақ айыпталушы Сәкен Мамаш өзін фото, видеоға түсіруге қарсы болды, судья оның талабын қанағаттандырды. Ал жәбір көруші Карина Мамаш сот залында фото, видеоға түсіруге қарсы емес. Одан бөлек, судья БАҚ өкілдерін сот процесіне ішінара қатысуы туралы шешім шығарды.
Еске салайық, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің кеңесшісі болған Сәкен Мамашқа әйелін жылдар бойы ұрып келді деген айып тағылып, іс сотқа жетті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанада экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысы басталды.
Айта кетейік, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің кеңесшісі болған Сәкен Мамаш биыл 4 сәуірде қамауға алынды.
Еске сала кетсек, былтыр мамырда Қазақстанның БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Сәкен Мамаш әйеліне үнемі күш көрсеткені, тіпті жұбайының әпкесіне де қол көтергені туралы хабарлаған едік.
Артынша әйелін ұрды деп айыпталған қазақстандық дипломатқа қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ елші кеңесшісінің әйелі Карина Мамаш дағдарыс орталығына орналастырылды.
Кейін әйелін ұрған экс-дипломатқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды.
Биыл 21 мамырда әйелін үнемі ұрып келген экс-дипломат Сәкен Мамаштың ісі сотқа жіберілді.