«ЭКСПО-2017» мен 2017 жылғы Универсиада Австрия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін береді - Вальтер Рук

Вена экономикалық палатасының президенті Вальтер Рук бастап келген делегация құрамында туризм, өнеркәсіп, логистика, әр түрлі зертханалық зерттеулер, энергетика және экономиканың басқа да салаларында қызмет атқаратын кәсіпкерлер бар. «Біз 30-дан астам австриялық компанияның өкілдерін алып келдік. Олар қазақстандық бизнесмендермен кездесіп, келіссөздер жүргізе алады. Біз үшін басты бағыттар - бұл туризм және технология. Сонымен қатар арамызда Вена туристік мектебінің өкілдері бар. Олар қазақстандық әріптестерімен білім саласы бойынша ынтымақтастық орнатқысы келеді. Көптеген компания өкілдері бірінші рет келіп отыр. Сондықтан әзірге нақты келісімшарттар туралы айту ерте. Біз ең алдымен оларға Қазақстанды таныстыруымыз керек», - деді В.Рук. Ол сонымен қатар қоқыстарды кәдеге жарату, су тазарту, жылумен қамтамасыз ету секілді бағыттар бойынша австриялық компаниялардың тәжірибесі жоғары екендігін айтып, мысал ретінде Вена орталығындағы қоқыс өртейтін сүзгілі қондырғы жайында әңгімеледі. «Қазақстанның экономиканы әртараптандыру бойынша мемлекеттік маңызға ие жоспары бар. Сондықтан австриялық компаниялар теміржол, электр желісі, теңіз порттарын кеңейту, әлеуметтік тұрғын үй салу секілд бағыттар бойынша жақсы серіктес бола алады. Бұдан басқа, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындары екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін бере алады. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың нарығы мен артықшылықтары австриялық кәсіпкерлерді Қазақстан экономикасына инвестиция жұмсауға ынталандыра түседі», - деді экономикалық палата басшысы. Ал қазақстандықтар Еуропалық Одақтың нарығына ену үшін Австрияны инвестициялық алаң ретінде пайдалана алады. Өйткені, көптеген халықаралық ұйымдар мен зерттеу институттарының штаб-пәтерлері осы елде орналасқан. Сонымен қатар Австрияның қаржылық нарығы, туризм саласы және инфрақұрылымы жақсы дамыған. «Әрине, Батыс Еуропа әлемдегі ең бәсекелі орта ғой. Егер қандай да бір қазақстандық кәсіпорын бұл нарыққа енгісі келсе, онда ол табысты әрі нарық өзгерістеріне икемді болы тиіс», - деді В.Рук. Айта кетелік, Қазақстанда бүгінгі таңда түрлі салада 50 австриялық компания қызмет атқарады.