Экспорттық жүк тасымалының көлемі теміржолда 2,2 пайызға артты
АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында «Қазақстан темір жолы» арқылы жүк тасымалы тұрақты өсіммен 64,5 млн тоннаға жетті. Ішкі және экспорттық тасымалдардың өсуі, әсіресе көмір, астық пен қара металдар бойынша, экономиканың маңызды секторларын қолдап отыр. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ желісі бойынша 64,5 млн тонна жүк тасымалданды. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 360 мың тоннаға артық. Ішкі тасымалдар 40,8 млн тоннаны, экспорт 23,7 млн тоннаны (+2,2%) құрады.
Әлеуметтік маңызы бар жүктерді тасымалдау мәселесі ерекше бақылауда.
— Биылғы жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында 27,4 млн тонна көмір (+3%) тасымалданса, оның 19,8 млн тоннасы ішкі нарыққа (+4%) бағытталды. Астық тиеу 15,4% өсіп, 4,1 млн тоннаны құрады, оның ішінде экспорт — 3,3 млн тонна (+17,5%). Экспортқа шығатын ұн тарту өнімдерін тасымалдау көрсеткіші 6,2%, яғни 570 мың тоннаға дейін ұлғайды, — делінген хабарламада.
Өсім тасымалданатын жүктің басқа да түрлері бойынша тіркелді. Мәселен, қара металдар — +18% (1,3 млн тонна), темір және марганец кендері — +14% (2,7 млн тонна), тыңайтқыштар — +3% (1,2 млн тонна) тасымалданды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ желінің тұрақты жұмысын және экспорттық тасымалдардың өсуін қамтамасыз етеді.
Бұған дейін астық пен ұн экспорты 8,9 млн тоннаға жеткенін жаздық.