ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жыл сайынғы 19 сессиясында ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы қарар қабылданды

Қазақстан Парламенті делегациясының бастамасымен Саммитті шақыру қажеттігі тұрғысындағы қарарға енгізілетін түзетулерді қызу талқылаулардың нәтижелері бойынша, сенатор Қуаныш Сұлтановтың қарардың жеке параграфын төмендегідей редакцияда жазуға қатысты ұсынысы көп дауыспен қолдауға ие болды:
«Парламенттік Ассамблея Ұйымға қатысушы-мемлекеттерді 2010 жылы ЕҚЫҰ барлық үш өлшемі бойынша Европа мен Еуразияда қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуға нақты үлес қосып, жиырма бірінші ғасырда еуропалық және еуразиялық қауіпсіздік саласында Ұйымның рөлін арттыруға мүмкіндік беретін ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге шақырады».
Сонымен қатар, Ассамблея биылғы мамыр айында Алматыда болған Трансазиялық парламенттік форум барысында айтылған ұсынымдарды ескере отырып, Қырғызстандағы жағдай мен Ауғанстандағы ахуалға қатысты қарарды қабылдады.
Парламентшілер Ұйымды БҰҰ, Еуропалық Одақ және Еуропа Кеңесімен Қырғызстанда тұрақтылықты орнату жолындағы қадамдар бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға шақырды.
Пленарлық отырыстар мен «Ядролық қауіпсіздік», «Ауғанстандағы заңсыз эмиграциямен, есірткі заттарын өндіру мен оның айналымымен, терроризммен күрес», «ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының ролін, тиімділігін және ықпалдылығын арттыру» қарарларын талқылаулар барысында Қ.Сұлтанов, Ә.Жолшыбеков, Ә.Ахметов, С.Бычкова, Б.Досманбетов, Т.Қосмамбетов, Е.Әпсәлямов сөз сөйледі.
Норвегия мен Финляндия депутаттарының бастамасы бойынша жеке кездесу өткізіліп, онда Орталық Азияға қатысты мәселелер талқыланды. Оған Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Әзірбайжанның, Нидерланды мен Германияның парламенттік делегациялары қатысты.