ЕҚЫҰ Саммиті біздің елордамыздың атын халықаралық қатынастардың тарихына мәңгілік жазады - Қ.Саудабаев
АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - ЕҚЫҰ Саммиті Қазақстан елордасының атын халықаралық қатынастардың тарихына мәңгілік жазады.
ҚР-ның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының алдағы Саммитінің маңызын осылай бағалады.
Астанада саммитті өткізу тәуелсіздіктің аздаған жылдарында әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуында қол жеткізген жас мемлекеттің тамаша табыстарын әділетті және шынайы бағалау», - деді К.Саудабаев.
Отырыстың күн тәртібінің басты мәселесі Елбасы Н.Назарбаевтың Ақордада тамыздың 16-сында болған кеңесте Астанада 2010 жылғы желтоқсанның 1-2-сі күндері өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне әзірлену жөніндегі нұсқаулары болды. Отырыста осы ірі халықаралық форумға әзірлік және оны өткізу мәселелері қаралды және тиісті мемлекеттік органдар басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
ЕҚЫҰ Саммитіне 56 қатысушы-елдердің және ЕҚЫҰ 12 әріптес елдерінің көшбасшылары, сондай-ақ негізгі халықаралық ұйымдардың басшылары қатысады.