ЕҚЫҰ Төрағасы Приднестровье бойынша теміржол байланысының қайта жандануын қолдайды
Мәлімдемеде:
«2010 жылдың 1 қазанынан бастап Приднестровье бойынша Кишинев-Одесса теміржол бағытында жолаушылар тасымалының қайта іске қосылғанына ризашылығымды білдіремін.
Аталған мәселе бойынша келісімге қол жеткізуде Еуропалық Одақтың қолдауы маңызды ролге ие болды. Халықаралық дәнекерлердің қосқан үлесінің арқасында, приднестровьелік реттеу жөнінде «5+2» форматындағы қатысушылардың өзара жемісті әрекеттері Днестрдің екі жағалауындағы халықтың тұрмыстық, іс жүзіндегі мәселелерін қақтығысқан тараптар арасында диалог орнату арқылы шешуге мүмкіндік берді.
Ағымдағы жыл сенім шаралары жөнінде тараптардың түрлі деңгейдегі кеңестері мен сараптамалық топтарының бірлескен белсенді жұмыстарымен ерекшеленді. Бұл Приднестровье мәселесін ұзақ мерзімді және жалпылама саяси реттеуге өз септігін тигізуі тиіс, сол үшін «5+2» форматындағы ресми келіссөздерді қайта орнату қажет.
Осы орайда Іс басындағы төрағалық процестің барлық мүшелерін 1-2 желтоқсан аралығында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық аясында өз жұмыстарын белсенді етуге шақырады», - делінген мәлімдемеде.