«Екіжүзді адам деп айтқаным рас»: Ақтөбеде мемлекеттік қызметші жазаға тартылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Ерлан Ибрашев әріптесімен сөзге келіп, іс Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Кеңес мүшелері сөгіс түріндегі жаза тағайындауға ұйғарым берді.

Әдеп жөніндегі кеңесте Ақтөбе қалалық аумақтың инспекциясының басшысы Ерлан Ибрашевтің ісі қаралды. Мемлекеттік қызмет істергі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басқармасының бас маманы Данияр Махамбетовтың айтуынша, инспекция басшысы отырған кабинетке бас маман А.Сейтмухамбетова рұқсатсыз кірген әрі амандаспаған. Сол кезде екеуі сөз таластырып, Әдеп жөніндегі уәкіл жиналысы өтеді.
– Жиналыс барысында А.Сейтмухамбетова инспекция басшысы Е. Ибрашевтен кешірім сұрады. Алайда Е.Ибрашев кешірім қабылдамайтынын білдірген соң А.Сейтмухамбетова «енді сенің аяғыңды сүйейін бе» деп айтты. Осы жағдайдан кейін Е.Ибрашев ашуға ерік беріп, «ей, сен, не екіжүзденіп отырсың, аферистенбе» деген сөздерді айтып, жиын аяқталмастан залдан шығып кетті, - деді Данияр Махамбетов.
Әдеп жөніндегі кеңес отырсында Ерлан Ибрашев бірнеше күн бойы қан қысымы көтерілген соң сөзге келгенін айтты.
– Екіжүзді адам деп айтқаным рас. «Сен аферисің» деп қолымды созып, әй деп айтпадым, оның бәрі жалған. «Аферист адамның ісін істеп тұрсың» дедім. Бірінші жылап кешіріп сұрады, кейін мазақ қылып, күліп «сенің аяғыңды сүйем ба, аяғыңа жылығам ба» деді. «Мемлекеттік қызметкер аферист адамның ісін істеп тұрсың» дедім, - деді Ерлан Ибрашев.
Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметшіге сөгіс түріндегі тәртіптік жаза тағайындау туралы ұйғарым шығарды. Кеңес мүшелері басшы ұжымдағы ауызбіршілікті сақтау алмағаны үшін жазаланды.
Айта кетейік, Шалқар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы екі мердігерден миллиондап пара алғаны үшін айыпталып жатыр. Бірі су желілерін қайта жаңғырту, екіншісі тұрғын үйге инженерлік инфрақұрылым тарту жобаларының мердігері.