Ел аумағындағы ірі көлдер мен өзендерде 5 құтқару станциясы салынады - ТЖМ
АСТАНА. KAZINFORM – Келер жылы еліміздің өңірлеріндегі өзендер мен көлдерде 5 құтқару станциясы салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев айтты.
- Су объектілеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Суға батқан азаматтарды құтқаруға жедел ден қою үшін құтқару бөлімшелерін салу мен оларды жабдықтау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Екі жылдың ішінде су қоймаларында 8 құтқару станциясы салынды (Шалқар, Имантау, Бурабай, Үлкен Шабақты, Алакөл көлдерінде, Есіл өзенінде). Келесі жылы тағы 5 станция салынады (Жезқазған, Қонаев, Семей, Қосшы қалаларында, Шортанды көлінің жағасында), - деді К. Тұрсынбаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, құтқарушыларды материалдық-техникалық қамтамасыз ету кезең-кезеңмен жақсарып келеді. Заманауи жүрдек ка́терлер мен техникалар сатып алынып жатыр. Жыл сайын әкімдіктермен бірлесе балаларды жүзуге және алғашқы көмек көрсетуге үйрету іс-шаралыр ұйымдастырылып келеді.
- Соған қарамастан, суға шомылу маусымында бала өлімі жиі орын алады, оның негізгі себебі – балаларды қараусыз қалдыру. Көбінесе бала өлімінің фактілері каналдар мен арық жүйелері сияқты шағын су объектілерінде тіркеледі. Сондықтан, мүдделі мемлекеттік органдар ата-аналар мен балалар арасындағы профилактиканы күшейтуі қажет, - деді вице-министр.
Айта кетейік, Үкімет басшысы Олжас Бектенов ата-аналар баланың өміріне бей-жай қарамай, араласатын ортасын, қызығушылығы мен бос уақытын қалай өткізетінінен хабардар болуы керек екенін айтты.