Ел бірлігі доктринасы - ұлттық саясат саласындағы жаңа стратегиялық құжат - М.Байрамқұлова

sp;АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ұлттар арасындағы татулық пен діндер үйлесімдігі - тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы. Біздің кең пейіл, бауырмал, қайырымдылық  қасиеті  ерекше  мол қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз, дейді Павлодар облысындағы Қарашай-черкес және қабарда-балқар  «Эльбрус» этно-мәдени бірлестігінің басқарма төрайымы Мәрия Байрамқұлова.

 Ел   бірлігі  доктринасы - ұлттық саясат саласындағы жаңа стратегиялық құжат - М.Байрамқұлова

      - Мәрия Алботқызы, қарашай, балқар, черкес және қабарда ұлттарының өкілдері Қазақстанға алғаш қай жылдары қоныстанды және бүгінде олардың елдегі саны қанша?

     - Осыдан 65 жыл бұрын, наурыз айының 7-і мен қарашаның 8-і аралығында қабардалар мен балқарлар саяси және ұлттық себептермен, өздерінің мыңдаған жылдар бойы тұтастықта өмір сүріп келе жатқан Солтүстік Кавказ жерінен қуылды. Депортация - ұлт үшін үлкен трагедия болды. Бір мезетте ондаған мың адам сотсыз және тергеусіз халық жауы атанды. Баспанасыз, мүліксіз және азықсыз олар Қазақстанның шексіз даласына жөнелтілді. Солай, Қазақстан олардың екінші Отанына айналды. Өздерінің дәулеттері тасымай жатса-дағы рухани күйзелістен, кемсітушілік пен аштықтан аман алып қалып, нан-тұзымен бөліскені үшін, балқарлар мен қабардалардың Қазақ халқына айтар алғысы шексіз.

    Міне, содан бері қазақтардың кең пейіл, бауырмал қасиеті біздің бойымызға ұрпақтан-ұрпаққа сіңіп келеді. Бір ғана мысал келтіріп өтейін. Өспен ауданында үлкен, әдемі әрі еңбекқор Жанғозыновтар отбасы тұрады. Отағасы Жанғозынов Хасан Шапқойұлы - балқар. Қазақ Ақпаш Жаңғозынов оны балалар үйінен асырап алып, өсірді, білім берді. Бүгінгі күні оның ұлдары, қызы мен немерелері мемлекеттік органдар мен бизнес саласында жауапты қызметтерді атқарып отыр. 

     Мен де ата-анаммен бірге қазақ жанұясында  ұзақ уақыт бойы қоян-қолтық өмір сүрдім. Төлебаевтар 8 адам болды, біз - 11. Біз тұрған бір бөлмелі үй қашанда шаттық пен өзара сыйластыққа толы болды.

     - Сіздің басқаруыңыздағы «Эльбрус» этно-мәдени бірлестігі аталмыш ұлт өкілдерінің Қазақстандағы ең ірі орталығы екенін білеміз. Қазақстан халқын біріктіру, олардың ауызбіршілігін нығайту тұрғысында қандай шаралар атқарып жатыр?

     - Павлодардағы «Эльбрус» Солтүстік Кавказ жерінде ғасырлар бойы ғұмыр кешкен қарашайлар, балқарлар, черкестер мен қабардаларды бір шаңырақтың астына біріктіріп отырған бірлестік. Біздің облыста бұл ұлттардың 1200-ден астам өкілі тұрады, оның 900-і балқарлар.

      Әлі жас болса да  (4 жыл) біздің бірлестік өзінің танымал өкілдерімен, талантты жастарымен және данагөй қарияларымен Қазақстан халқы Ассамблеясының Павлодар облысындағы толыққанды мүшесі ретінде қалыптасты. Жуырда Президент Н.Ә.Назарбаев ашқан Достық үйінде шығармашылық ұжымдар үшін барлық жағдай жасалған. Павлодар облысының әкімі, ҚХА төрағасының аймақтағы орынбасары Бақытжан Сағынтаев облыстағы этно-мәдени бірлестіктердің жұмысын белсендіру ісімен жүйелі түрде айналысады.

      Бүгінде біз өзімізді Ассамблея деп аталатын Қазақстан халқы бірлестігінің алқа гүліндегі кішкентай гауһар тас ретінде сезінеміз. Біздің ұлт өкілі Людмила Хочиева Мәжіліс депутаты болғанына аса қуанамыз және оны мақтан етеміз. Қуғын-сүргінге ұшыраған аз ұлт өкілі елдің жоғарғы органының мүшесі болуын отандастарым ерекше ілтипат деп біледі. Жалпы біздің диаспорада Қазақстан экономикасының дамуы мен гүлденуі жолында тынбай еңбек етіп жүрген азаматтар көп. Олардың арасында Мұхтар Хайтаев та бар. Бұл  кісі  облыстағы ең ірі мал өсіру шаруашылығына  ие. Қазақ тілін жетік меңгерген ол, сондай-ақ біздің бірлестіктегі Ақсақалдар кеңесіне төрағалық етеді.

      Айта кетейін, біздің орталықта тек аталмыш ұлт өкілдері ғана емес, сондай-ақ бұрыннан бауырлас болып кеткен - қазақтар жиі қонақта болады. «Эльбрус» ЭМБ үстіміздегі жылы балқарлардың Қазақстан жерінде тұрып жатқанына 65 жыл толуын үлкен мереке ретінде атап өтті. Сондай-ақ биыл алғаш рет қайта жаңғырту мектебінде балқар тілін үйрету бөлімшесі ашылды. Онда қазір 30-дан астам бала білім алуда. «Эльбрус» орталығы тек өз ұлтының мәдениетін, тілін, дәстүрі мен салтын жаңғырту жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, сондай-ақ қазақ тілін үйретуді де басым істердің бірі деп санайды. «Тілді білсең, халқын танисың» деген халық даналығы да бар емес пе?!

   - Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХV сессиясы болып өтті. Сіздің пікіріңізше, Ассамблеяның қоғам өміріндегі маңызы қандай?

     - Иә, ел Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Назарбаевтың басшылығымен өткен кезекті XV сессия - бұл этникааралық әрекеттестік пен мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асырушы тиімді құрал, әрі елімізді қоныстанған этностардың өзара байланысын қамтамасыз етіп отырған әсерлі алаңы - Ассамблеясының мол тәжірибесін көрсеткен шара болды.

    Сессия барысында ҚХА - этносаралық және конфессияаралық келісімнің механизмі ретінде өзінің тиімділігін дәлелдегені және оның бүгінгі күнгі жұмысына жаңа бағыттар енгізу қажеттігі атап өтілді. Бұл дегеніміз үкіметтік емес ұйымдармен, саяси партиялармен және азаматтық қоғам институттарымен жаңа формулаларды пысықтау қажет деген сөз.

      Сондай-ақ, Елбасы өзінің баяндамасында жете назар аудартқан мәселе - Қазақстанның Ұлттық бірлік доктринасы болды. Доктрина әрбір қазақстандықтың «үстел кітабы» болуға лайықталған. Қазақстан Республикасының Президенті БАҚ-да этносаралық және конфессияаралық қатынастар тақырыбын ыждағатпен жазу арқылы адамдардың бойына ҚР аумағында тұратын ұлттардың мәдениеті мен дәстүріне құрмет сезімін дарытудың маңыздылығы мен қажеттігін атап өтті. Оның  Ассамблея жанынан этносара­лық қарым-қатынастар мәселесі бойынша Жетекші журналистер мен сарапшылар клубын құру ұсынысы да орынды және бұл қазіргі заман ағымында аса қажетті құрал деп санаймын. Біз Ассамблеяны - этникааралық саладағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы, тиімді үйлестіруші ретінде көрсек, Ұлттық бірлік доктринасы бұл үрдістегі өзіндік конституция болмақ.

     Сондай-ақ Ассамблеяның XV-ші сессиясында Мемлекет басшысы-ҚХА төрағасы бұл бірегей институттың алдында тұрған ауқымды міндеттерді белгілеп, Ассамблея сарабдалдық кезге енгенін және енді оның жұмысы жаңа жүйелі қасиеттерді табуы тиістігін айқындады.

Дамыған әлемде «ұлттық бірлік» ұғымы - ортақ мемлекетті бірлесіп жасау, толеранттық, азаматтық және өз елінің мемлекеттік тілін міндетті түрде білу қағидаттарымен өлшенеді. Менің ойымша, бұл факторлар Қазақстанның Ұлттық бірлік доктринасында - мемлекеттің ұлттық саясат саласындағы жаңа стратегиялық құжатында көрініс табады. Ал  біртұтас бағдарламаның жобасы бүгінде әзірленді.

Ассамблеяның алғашқы жылдары бұл құрылымның өміршеңдігіне бірі сенімсіздікпен қараса, бірі оның қысқа ғұмырын кесіп айтқан болатын. Бірақ өткен жылдар ұлтаралық қатынастар үйлесімдігінің тиімді үлгісі табылғандығын көрсетіп отыр және осы уақытқа дейін ҚХА консультативті-кеңестік дәрежесінен конституциялық органға дейінгі жолдан өтті.

       - 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мерзімінде ұлтаралық татулықтың қазақстандық үлгісін Еуропа елдеріне енгізу мүмкін болады деп ойлайсыз ба?

    - Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның төрағасы, ал 2011 жылы - Ислам конференциясының басшысы ретінде сайланды. Келер жыл, сондай-ақ ҚХА-ның 15 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Халқымыздың тұтастығы мен бірлігі Қазақстанда көптеген нәрсені жүзеге асыруға  мүмкіндік береді. Экономикалық дағдарысты еңсеріп ғана қоймай, одан сайын мықты державаға айналуға  мүмкіндігіміз жетерлік. Сондықтан, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезінде елдің ұлтаралық келісім мен діндер арасындағы диалогтың жемісті тәжірибесін Ұйымға мүше барлық елдердің кеңістігінде қолдануға әбден болады деп санаймын.