«Ел бірлігі» доктринасының жобасында ұлттық идеяның Қазақстан халқын топтастырудағы рөлі айтылмайды - Философия және саясаттану институтының директоры
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сессияда қаралған бұл жоба әлі де көп талқылауды қажет етеді. Біз өзіміздің институтымызда да, басқа жерлерде де талқылап жүрміз. Доктрина 2020 жылға дейін, яғни онжылдыққа қабылданбақ. Ол бұрынғы кеңестік елдерде бірінші рет бізде дер кезінде қабылданайын деп отыр. Келесі жылдан бастап Қазақстанда үлкен өзгерістер болып, әлемдегі орны өзгерейін деп жатыр. Біздің жан-жағымызда өте тұрақсыз жағдайлар бар. Олар әсер етпей қоймайды. Сондықтан ел бірлігі, ұлттық бірлік ауадай қажет», дейді білім және ғылым министрлігінің Философия және саясаттану институтының директоры Әбдімәлік Нысанбаев. ҚР ҰҒА Академигінің де жобаға қатысты өз ұсыныстары бар. Бірінші, алғашқы бөлімде халыққа онша түсініксіз доктрина сияқты сөздерге терминологиялық түсініктер беру туралы. Себебі, осы ұғымдардың түсініксіздігінен үлкен дау-жанжал болуы мүмкін. Екінші, онда қазақ ұлты айтылмайды. Қазақ халқы деген бар. Қазір қазақтардың үлесі Қазақстанда 65 пайыздан асты. Қазақ халқының топтастырушылық рөлін көрсетіп, қазақ ұлтын да көрсету керек. Үшіншісі, ел бірлігін түсіндіруге қатысты. «Қазір шын мәнінде бүкіл әлемде азаматтық бірегейлік пен ұлттық бірегейлену қатар жүріп жатыр. Әлеуметтік зерттеулерге қарағанда азаматтық бірегейлену басымырақ. Осы екеуін бір-біріне қарама-қайшы қоймай, қазақстандықтардың бірегейленуін, қазақтардың бірегейленуін бір-бірімен байланыстырған жөн. Бұл екі үдеріс бүгінгі таңда өзінше жүріп жатыр. 13-ші қарашада халықпен тікелей эфир арқылы сұхбаттасқан Президент «мені мазалап жүрген үлкен мәселе бар. Ол - ұлттық идея» деп, бұл мәселеге қатысты өз пікірін айтып, оның төрт тұғырын атады. Соның біреуі - ұлттық бірлік. Өкінішке қарай, біздің жобамызда ұлттық идеяның Қазақстан халқын топтастырудағы рөлі айтылмайды. Оны «Ел бірлігі» доктринасында ашып көрсету қажет», дейді философия ғылымының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбайұлы.