07:43, 24 Қыркүйек 2021 | GMT +5
Эльбруста мерт болған альпинистердің саны бес адамға жетті
НАЛЬЧИК. ТАСС-ҚазАқпарат - 23 қыркүйек күні кешкісін Эльбруста көмек сұраған альпинистер тобының бес мүшесі қайтыс болды. Бұл туралы РФ ТЖМ Кабардино-Балкария бойынша бас басқармасының бастығы Михаил Надёжин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС-қа сілтеме жасап.
«Өкінішке қарай, бес адамның мәйіті табылды», - деді агенттік дереккөзі.
Сондай-ақ, ол іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 14 адамды төменге алып түсіп, дәрігерлерге бергендерін атап өтті.
«Барлық 14 адам апат медицинасы және жедел медициналық жәрдем дәрігерлеріне берілді. Оның ішінде 11-і Нальчик қаласындағы республикалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Үш адам ауруханаға жатудан бас тартты», - деді ол.
«Құтқарушылар екі адамды құтқарамыз деп ойлап еді, бірақ, өкінішке қарай, олар барған кезде екі адам көз жұмған екен. «Гара-Баши» стансасында, 3900 метр биіктікте апат медицинасы дәрігерлері олардың қайтыс болғанын анықтады», - деді ол.
Бұған дейін үш адамның көз жұмғаны хабарланған болатын.