Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ел дамуының жаңа кезеңіне сай келетін ғылыми-зерттеулер жоспарын жасау маңызды - Мемлекеттік хатшы

АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ел дамуының жаңа кезеңіне сай келетін ғылыми-зерттеулер жоспарын жасау маңызды. Бүгін Ақордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин осылай мәлім етті.

Ел дамуының жаңа кезеңіне сай келетін ғылыми-зерттеулер жоспарын жасау маңызды - Мемлекеттік хатшы

Еске салайық, Кеңес отырысы «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесі мен мемлекеттік органдардың жаңа ғылыми-сараптамалық жұмысындағы басым міндеттері және Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы тақырыбына» арналған болатын.

Жиын барысында Мемлекеттік хатшы Ассамблея құрылғалы бері қазақстандық қоғамтануда елеулі өзгерістер орын алғанын, қоғамдағы жаңа өмірді Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниежүзінде болып жатқан процестермен байланыстырып сараптау жұмыстары қолға алынғанын атап өтті. «Сол жауапты іске, сіздер, кәсіби маман ретінде лайықты үлес қосып жақандарыңыз белгілі. Бүгінгі жиында атқарылған жұмыстарға баға беріп қана қоймай, Президент жүктеген міндеттерді орындаудың жолын айқындап алуымыз керек», - деді жиын барысында сөз сөйлеген М. Тәжин.

Бұл ретте Мемлекеттік хатшы алдағы маңызды міндеттерге тоқтала келе, ел дамуының жаңа кезеңіне сай келетін ғылыми-зерттеулер жасау жоспарын белгілеу міндеті тұрғанына тоқталып өтті. «Яғни, «Қазақстан-2050» стратегиясының аясында жаңа мақсат-міндеттер жүктеліп отыр. Нақтырақ айтсақ, тұрақтылықтың негізі болып саналатын қоғамдық келісімді сақтау үшін ғылыми негіздемелер мен зерттеулерді кеңейтуіміз қажет», - деді Мемлекеттік хатшы.