Ел экономикасы қарқынды дамып, біз дағдарыстан кейінгі кезеңге нақты қадам бастық - Нұрсұлтан Назарбаев

АНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ел экономикасы қарқынды дамып, біз дағдарыстан кейінгі кезеңге нақты қадам бастық. Бұл туралы бүгін төртінші сайланған ҚР Парламентінің төртінші сессиясын ашу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Ел экономикасы қарқынды дамып, біз дағдарыстан кейінгі кезеңге нақты қадам бастық - Нұрсұлтан Назарбаев

«Ел экономикасы қарқынды дамып, біз дағдарыстан кейінгі кезеңге нақты қадам бастық», деп атап өткен Мемлекет басшысы бұл ретте болашаққа бағытталған бірқатар іргелі бағдарламалардың қабылданғандығын атап өтті.

Атап айтқанда, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бизнестің Жол картасы-2020 бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша кәсіпкерлік секторын сауықтыру және бизнес бастамаларды қолдау шаралары ұйымдастырылады.

«Таяу он жылдықты қамтитын еліміздің дамуының стратегиялық жоспарын жүзеге асыруға біз нақты кірістік. Сонымен қатар Беларус, Ресей мемлекеттерімен бірге Кеден одағына мүше болып кірдік. Осынау үлкен оқиғаға байланысты Парламент қысқа мерзім ішінде 35-тен астам келісімді заңды тұрғыдан бекітті. Бұл өте қажет еді», деді ҚР Президенті.

Сондай-ақ Кеден одағы аясында бірыңғай экономикалық кеңістік құру үшін құқықтық база құрылғандығын баса айтқан Мемлекет басшысы, «Бұл мәселелерге Парламент кәсіби шеберлігін танытып, үлкен іске зор үлесін қосты. Бұл орайда Парламент заң шығарушы орган ретінде еліміздің өсіп-өркендеу жолында пәрменді жұмыс жасауда», деп түйді сөзін.