Ел қорғанысын нығайтуға үлес қосқан генералдардың бірі - батысқазақстандық Оқас Сапаров
ОРАЛ. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Ел қорғанысын нығайтуға үлес қосқандардың бірі - Батыс Қазақстан облысының тумасы, Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі ШБК
(штабтар бастықтары комитеті) төрағасының бірінші орынбасары, генерал-майор Оқас Сапаров.
Оқас Базарғалиұлы 1959 жылы Жаңақала ауданының Мәстексай ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін ол Ресейдің Энгельс қаласындағы жоғары зениттік-ракеталық командалық училищеге оқуға түсу үшін құжаттарын тапсырды. Әскери училище курсанты атанған Оқасқа орыс тілінде дәріс алу, темірдей тәртіпке көндігу оңайға түскен жоқ.
1980 жылы түскен училищесін ойдағыдай бітіріп, лейтенант шенімен ауылға келгенде, көңілде мақтаныш та тұрды.
Бүгінгі генерал Оқастың әскери өмірі осылай басталған еді. Содан бергі 32 жыл бойы Оқас алған мамандығынан қол үзіп көрген жоқ.
Әскеридің аты - әскери. Орындау бар да, талқылау жоқ. Қайда жұмсаса - сонда баруға тиіссің. Оқас та жұмсаған жерге барды. Бастапқыда Ресейдің Балаково, Куйбышев (Самара), Ульяновск, Қазан қалаларында әр түрлі лауазымда қызмет атқарды. Тәртіпті жастың әскери шені де сатылап өсе берді.
Тек еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1992 жылы ғана Әуе қорғаныс әскері, Жуков атындағы әскери командалық академиясын бітіріп, елге оралды.
Бұл Одақ ыдырап, кадр мәселесі күрделеніп тұрған кез еді. Білікті кадр Қазақстан Республикасы Қарулы күштері саласына қызметке араласты.
Дивизион командирі, бригада командирінің орынбасары, бригада штабының бастығы сияқты қорғаныс қызметіндегі маңызды жұмыстарды атқарып, сыннан өтті, шыңдала берді. 1995 жылы бригада командирі болып тағайындалды.
-Мамандығым - мақтанышым. Туған елімді, атамекен жерімді қорғауға қашанда дайынмын, - дейді Оқас қай күні сұрасаңда. Бабалары Әбілхайыр, Абылай хандар, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Олжабай, Малайсары, Райымбек, Наурызбай, басқа да түкті жүректі, берік білекті көзсіз батырларды үлгі етіп өскен Оқас та Қазақстан Республикасы Қарулы күштері сарбаздарының Отан үшін қан кешіп, мұз жастанудан тайынбайтын қайсар да қаһарлы болуын қалайды.
Оқас Базарғалиұлы - тәжірибелі маман. 32 жыл бойы үздіксіз атқарған қызметі оны білікті кадр етіп шыңдады. Оған бір ғана мысал. 1998 жыл. ТМД елдері Әуе Қорғаныс әскерлерінің бірлескен «Жауынгерлік достық - 98» жаттығуы өтіп жатты. Бұл жаттығуға Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан Республикаларының армиялары қатысқан болатын.
Алғашқы кезекте Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикаларының зениттік-ракеталық бөлімдері бірлесіп әрекет етті. Жаттығу кезінде нысанаға тимей, адасып кеткен ракеталар болды. Соған қарамастан олар жалпы алғанда берілген тапсырманы орындап шықты.
Екінші кезекте Қырғызстан жауынгерлері парашютпен тасталған нысанаға алғашқы атуда тигізе алмады. Қайталап атып қана тигізді.
Кезек қазақ әскеріне келді. Ел намысы, ер намысы сыналар шақта жерлестеріміз есе жібермеді. Алғашқы атуда-ақ Оқас басқаратын зенитшілер нысананы жойды.
Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі, маршал Игорь Сергеев қазақстандықтардың жауынгерлік табыстарын жоғары бағалап, сол кездегі республикамыздың Қорғаныс министрі, генерал-полковник Мұқтар Алтынбаевқа С-300 ракеталық кешенінің кілтін сыйға берген екен.
Оқас - отаншылдығы жоғары жандардың бірі. Қанша жыл әскери қызметте жүрсе де, ұлттық салт-дәстүрін, тілі мен дінін сақтап және жауынгерлерден соны талап етіп келеді.
Жылына бір берілетін демалысында туған жеріне аңсап жетіп, бақилықтарға дұға ету, үлкендерге сәлемдесу, ағайынмен сағына қауышу да оның дағдысына айналған.
Жаңақалалықтар осындай жерлестері барын мақтан тұтады, сүйінеді.
Оқастың өмірі - ауылдағы мыңдаған жастарға үлгі де өнеге.