Ел музейлеріне кіру құны қанша
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның қалаларындағы мемлекеттік музейлерге кіру құнында біраз айырмашылық бар. Kazinform тілшісі облыс орталығы мен қалалардағы мемлекеттік музейге кіру бағасын салыстырды. Ол үшін мәдениет ошағына тікелей хабарласып, ересек адамдарға арналған билет бағасын білді.
Бағаны салыстырған кезде ең жоғарысы Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінде тіркелді. Ересек адамға арналған билет құны – 1 500 теңге. Одан әрі Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі тұр. Билет құны – 1 000 теңге.
Өңірлердің басым бөлігінде билет құны – 500 -700 теңге аралығында. Нақтыласақ, Семей, Талдықорған, Түркістан, Петропавл, Қызылорда мен Жезқазғанда 500 теңге, Атырауда 600 теңге, ал Ақтөбеде 700 теңге.
Ең қолжетімді баға Тараздағы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде. Кіру құны – 250 теңге. Г. Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде, Ақтау қаласындағы Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде – 300 теңге. Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде бұл қызмет тегін.
Елімізде тарихи-өлкетану музейінен басқа ондаған қызықты мәдени ошақ бар. Оның бірі – Павлодардағы Наум Шафердің музей үйі. Мұнда күйтабақтар коллекциясы, магнитафон жабасы, кітап пен музыкалық архив сақтаулы. Бұл еліміздегі ірі музейлердің бірі.
Ағаш шебері Юрий Костанянцтің музей үйі таңғажайып орынның бірі. Негізін қалаған бұрынғы азаматтық авиация ұшқышы Юрий Костанянц. Ол үйін мәдени ошаққа айналдырды. Музей ішінде өз қолынан шыққан ондаған ағаш мүсін бар. Ұлы дала тарихынан сыр шертетін музейде қазақ хандары, батырларының мүсіні сақтаулы, тарихи оқиғаларды да бейнеленген. Автордың өзі музейді «өнер театры» деп атайды. Үй ішіндегі әр бұйым, музыка мен жарық шебер үйлесіп тұр.
Ал Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар музейінде қазақ және шетелдің жүздеген музыкалық аспабы сақтаулы. Олардың көбі бірегей құнды жәдігер.
Археологияға қызығатындар «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына барады. Мұнда сақ қорғанының мол мұрасы, ат әбзелдері мен алтын бұйымдар сақтаулы.
Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі – ірі көркемсурет музей. Қазақстанның бейнелеу, қолданбалы өнері мен шетел классиктерінің туындыларын тамашалауға болады. Әбілхан Қастеевтің шығармалары сақтаулы.
Қарлаг – саясы қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейі. Бұл бұрынғы Қарлаг басқармасының тарихи ғимаратында орналасқан. Қарлаг тұтқындарының жеке ісі, экспедиция кезінде табылған еңбек құралдары мен тұрмыстық заттар ұсынылған. Еңбекпен түзеу лагерінің орындағы музейде мыңдаған экспонат бар.
Байқоңыр ғарыш айлағындағы тарихи музейі. Мұнда ғарыш саласының дамуы мен тарихи жәдігерлері сақтаулы.
«Атамекен» этно-мемориалды кешені – ашық аспан астындағы музей. Мұнда Қазақстан өңірлеріндегі табиғи, сәулет және тарихи ескерткіштерінің шағын көшірмесі бар.
Бұған дейін жарты жылда Қазақстанның музей-қорықтарына 784 адамның барғанын жазған едік.